Көкшетауда жаңа жолдар салынады

Көкшетау қаласының Сарыарқа шағын ауданында жаңа жолдар салынады.

Сонымен қатар ірі көлік айырықтарын қайта құрылымдау аяқталады. Бұл шара орталық көшелерде көлік ағымын азайтуға мүмкіндік береді.

Облыс орталығында жыл сайын жаз басталысымен жол мәселесі өзекті тақырыпқа айналады. Көкшетау тұрғындарының басым көпшілігі орталық көшелердегі ойдым-ойдым шұңқырлар мен қала шетіндегі қирап кеткен жолдардың жағдайын айтып шағымданады.

Қанат Нұрмұханов, көлік жүргізуші:

-Көңіл толмайды ғой. Істесе ғой. Әйтепесе налогын бәрін төлеп жатырмыз ғой. Көп уақыт кетеді. Жалпы машина қирап жатыр осы жолдың жамандығынан.

Жергілікті билік жолдардың сапасы кезең-кезеңімен жақсарады деп сендіруде. Қазір ұзындығы бір жарым шақырымнан асатын Уәлиханов көшесінен Әшімов көшесіне дейінгі жолды жаңғырту аяқталуда. Жаңа көлік торабы тұрғындардың қала ішінде қатынауын жеңілдетеді.

Владимир Елизов, құрылыс учаскесінің бастығы:

- Былтыр жол төсемінің негізін дайындап, ұсақ түйіршікті асфальт төседік. Биыл біз жөндеуді аяқтау керекпіз. Қазір біз тротуарларды салып жатырмыз. Кейін қайтадан асфальттың екінші және қабатын төсейміз. Жоба бойынша жарықтандыруды да істейміз.

Сарыарқа шағын ауданында да жаңа жолдар салынады. Бұл жердегі жолдардың жағдайы жылдар бойы тұрғындардың көңілін көншітпей, ашу-ызасын тудырып келді. Сондықтан жергілікті билік жаңа жоба әзірлеп, жолдың құрылысын бастады. Алдағы жылдары қаржыландыру жеткілікті болса мұнда асфальт төселеді.

Әділет Рақымжанов, қалалық ТКШ, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы:

- Бұл жерде жолдың негізін сала бастадық. Қала бойынша айтсақ, қазір мемлекеттік сатып алу конкурсы өтті. Алдағы уақытта Жұмбақтас және Досов көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары басталады. Ал Литвинов және Жамбыл көшесінде жөндеу аяқталды. Одан бөлек 30 мың шаршы метр жолдарда шұнқырларды жаптық.

Шенеуніктердің айтуынша, қолданылатын құрылыс материалдарынан бастап асфальтбетон төсеуге дейінгі жол жөндеудің барлық кезеңдері жол зертханасының мұқият бақылауында болады. Жалпы биылғы жылы жолдарды жаңартуға бюджеттен екі жарым миллиард теңге бөлінді.

Аслан Әбутәліпов, Виктор Полянный