БҚО-да су басқан балалар лагері жөнделеді
Батыс Қазақстан облысындағы ең ірі балалар лагері биылғы маусымда ашылмайды, деп хабарлайды 24KZ.
Ол күрделі жөндеуге жабылды. Сауықтыру кешенін көктемгі тасқын кезінде су басқан болатын.
Жарылған қабырға дымқыл тартып көгеріп тұр. Лагерь қызметкерлері балаларды қарсы алудың орнына тасқынның салдарын жойып жүр. Көктемде іргедегі Шаған өзені тасып, сауықтыру кешенін түгел су басқан болатын.
Ғалым Бекқалиев, Туризм және экология балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры:
- Қазір комиссияның қорытындысы шығайын деп жатыр. Нысан күрделі жөндеуге жарайды. Осыған байланысты тиісті құжаттар әзірленеді. Сондықтан биыл лагерь жұмыс істемейді.
Жыл сайын мұнда бір жарым мың бала демалатын. Биыл олар басқа сауықтыру кешендеріне жолдама алады.
Хажарбибі Ескендірова, білім басқармасы бөлімінің басшысы:
- Жобалық-сметалық құжатқа 33 млн теңге бөлінді. Содан кейін байқау жарияланып, мердігер ұйым белгіленеді. Жөндеу жұмыстарына 2-3 айдай кетеді.
Биыл өңірде 618 лагерь ашылады. Онда жаз айларында 100 мыңнан аса бала демалады. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қорынан бөлінген қаржыға 800 оқушы еліміздің туристік-сауықтыру орындарына жіберіледі.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Альбина Құмарғалиева, Ербол Меңдіғалиев, Эльдар Аюпов.