Көкшетауда тәртіп сақшылары ант берді

Көкшетау қаласында 40-тан астам жас полицей ант берді, деп хабарлайды 24KZ.

Қатарға қосылған сақшылар енді қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Жалпы өңірде биыл жаңадан 136 полицей жұмысқа тұрыпты.

Ант берген жас мамандардың дені – учаскелік инспектор мен тергеуші. Олар  облыстың барлық ауданында қызмет етеді. Жас полицейлер өзіне жүктелген міндетті сезініп, қалтқысыз қызмет етуге серт беріп отыр.

Максим Крель, Степногорск қаласы полиция басқармасының көлік жүргізушісі:

- 2022 жылы әскери қызметімді аяқтағаннан кейін ішкі істер органдарына келуге шешім қабылдадым. Бірден басқармаға жүргізігуші болып орналастым. Бүгін, міне, ант қабылдап, жұмысыма адал болуға серт бердім. Мен өз қызметімді лайықты орындаймын деп ойлаймын.

Салтанатты шараға олардың ата-анасы да қатысты. Балаларының қадамына сәттілік тілеп, абыройлы қызмет атқаратынына сенім білдірді.

Серік Рахметов, қала тұрғыны:

- Біз, ата-аналар, балаларымыздың осы кәсіпті таңдағанына қуаныштымыз. Мақтанамыз. Отанына адал, пайдалы қызмет етулеріне тілектеспіз.

Қазір өңірде 200-ден астам полицей жетіспейді. Әсіресе жедел-іздестіру қызметкерлері мен учаскелік инспекторларға сұраныс жоғары. Кадр тапшылығын шешу мақсатында бірқатар шара қолға алынған.

Бақытжан Ералин, облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары:

- Жас мамандарды жұмысқа тарту бойынша жергілікті жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық келісім орнаттық. Жыл сайын осы келісім аясында 100-ден астам маманды жұмысқа қабылдаймыз. Сондай-ақ оқу жылының соңында біз мектеп оқушыларымен де түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде 180 түлек әскери комиссиядан өтіп, ішкі істер саласында қызмет етуге ниет білдірді.

Облыстық Полиция департаменті өкілдерінің сөзінше, қордалаған кадр тапшылығы бірер жылда шешімін табады. Мәселен, алғашқы жарты жылдықта 136 адам қызметке кіріссе, жыл соңына дейін тағы 120 маман жұмысқа орналасады деп күтіліп отыр.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный.