«Астана – есірткісіз қала» веломарафоны ұйымдастырылды
Нашақорлықпен күрес күні қарсаңында «Астана – Есірткісіз қала» атты велошеру өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Әуесқой велошабандоздар 10 шақырымдық межені бағындырды.
Дильназ Тұрғазыева, тілші:
- Бұл күн елордалықтар үшін ерекше басталды. Спорттық киімі мен велосипедін сайлаған көпшілік велошеру бастау алатын Тұран даңғылының бойындағы монументке ағылды. Шараға мыңнан астам қатысушы ниет еткен. Ең жас велошабандоз 7 жаста болса, ең үлкені – 60-ты алқымдаған зейнеткер. Өзге көпшілігі – жастар.
Әсет Сағынтаев спорттық шараға қатысу үшін Атырау қаласынан арнайы келген. «Жастарды салауатты өмірге шақырып, бос уақытты тиімді өткізуге мұндай шаралардың әсері мол», – дейді велошабандоз.
Әсет Сағынтаев, қатысушы:
- Кезекті еңбек демалысымда арнайы осы «Астана – есірткісіз қала» велошеруіне қатысудың сәті түсті. Ұйымдастырушыларға, Астана қаласының ПД алғыс білдіремін. «Спорт – денсаулық кепілі» демекші, барлық жастарды спортпен айналысуға, оның ішінде бұқаралық спортты дамытуға үлес қосуға шақырамын.
Қатысушылардың барлығы дерлік берілген қашықтықты еңсерді. Велошеру ғасыр дертіне айналған есірткі мәселесіне қоғам назарын аударуға бағытталған.
Қуаныш Орынбетов, Астана қ. ПД бастығының орынбасары:
- Бұл іс-шараға Астана қаласының ПД қызметкерлері, көпшілік, қала тұрғындары, қала қонақтары, біздің спортшыларымыз, атақ иелері, бәрі қатысып отыр. Есірткі деген, өзінің аты айтып тұр, өте жаман. ҚР қазіргі таңда, халықаралық деңгейде алатын болсақ, 20 млн халықтың ішінде біз 10-орынды алып отырмыз.
Жыл басынан бері қалалық Полиция департаменті 60 келіден астам есірткі затын тәркілеген. Қазір елде заңсыз сауданың алдын алу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, нашақорлықпен күреске бағытталған мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Ғалымжан Абдылахат.