Бес жылдан бері ұтып алған жерін ала алмай жүрген кәсіпкердің құқығы қорғалды
Түркістандық кәсіпкердің құқығы қорғалды, деп хабарлайды 24kz.
Жергілікті тұрғын 5 жылдан бері конкурстық негізде мал жайлымына пайдалану мақсатында ұтып алған 6,5 гектар жеріне қол жеткізе алмай келген еді.
Амалсыздан арнамызға хабарласып, көмек сұрады. Осы уақыт аралығында тілшілеріміз әділдік іздеп, құқығы тапталған кәсіпкер жайында бірнеше материал дайындап, эфирге ұсынды. Соңғы сот істі іскер азаматтың пайдасына шешіп берді.
Кәсіпкер 2017 жылы Түркістан қаласының әкімдігі өткізген конкурста жеңіске жетіп, Оранғай ауылынан 6,5 гектар жерді мал жайлымына пайдалану мақсатында ұтып алған. Кейін ол жер Кентау қаласына өткенде жерді кәсіпкерлік мақсатқа пайдалану үшін қала әкімдігіне өтініш берген. Кәсіпкер бұл жерге ақшаңқан үйлер тігіп, этноауыл салғысы келген. Алайда аудан әкімдігі қолдағанымен кадастр бөлімі жер су қорғау аймағына жақын деп құжатты жаратпай тастайды. Оның үстіне ауыл тұрғындары да шағым түсірген.
Ислам Сағынықов, Оранғай ауылының тұрғыны:
- Бізге оның ешқандай зияны жоқ. Бізге сол жерлерді бермеді де.
Ауыл тұрғындары жерді сырттан келген адамға бергісі келмеген. Осы аралықта Түркістан қаласы әкімдігі өткізген конкурстың заңдылығын дәлелдейтін құжаттың түпнұсқасы ұшты-күйлі жоғалып кетті. Оны әкімдік қызметкерлері Кентауға көшіру кезіндегі қарбаласпен байланыстырды. Алайда кәсіпкер мұрағатты көтертіп, талмай ізденудің арқасында құжаттың көшірмесін тапты. Оны өзін сотқа сүйреген облыстық жер инспекциясы басқармасына ұсынды.
Нұрлан Әбдіразақов, облыстық жер инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:
- Комитеттің тексерушісі дұрыс тексермеген. Өйткені тексеруді біз жүргізген жоқпыз ғой. Олар: «мынайдай заңсыздықтар анықталды, осындай кемшіліктер бар» деп бізге ұсынады. Біз сотқа арыз бердік. Бірақ тексерген орталық комитеттің мамандары, солар тексерген. Сол тексерушінің өзі дұрыс тексермеген.
Іс бұнымен бітпеді. Кәсіпкердің алдынан түрлі кедергілер шығып отырды. Бұған облыстық кәсіпкерлер палатасы араласқанымен олар да кәсіпкердің құқығын қорғай алмады.
Ескендір Құнанбаев осы іс бойынша бүгінге дейін онға жуық сот отырысы өткенін айтады. Тек соңғы сот әділдігін айтып, кәсіпкердің пайдасына шешім шығарған.
Ескендір Құнанбаев, кәсіпкер:
- Ақырында медиацияға келдік әкімшілікпен. Медиациямен шешілді бәрі. Одан кейін бастап кеттік, жайлап суға түсетін жағдай істелінді. Келешекте бұдан да ары қарай дамытамыз деген жоспар енді.
Кәсіпкерді 5 жыл бойы сарсаңға салған жер «Түркістан-Кентау» тасжолының бойында, өзеннің жағасында орналасқан. Жабайы табиғат аясы болғандықтан, жазда ыстықтан қашқанның бәрі осында келіп тынығады. Алайда демалушылар қайтарда отырған орнын жинамай кететіндіктен, өзен бойы қоқысқа толып кеткен болатын. Енді кәсіпкер барлығын тазалап, өз арманын іске асырмақшы.
Сұлтанмұрат Сыздықов, қала тұрғыны:
- Мына жердің бәрін гүлдендіріп, ел демалатын үлкен саяжайға айналдырып жатыр. Өте керемет, қуаныштымыз. Елдің игілігіне жарату үшін тазалап, табиғатты гүлдендіріп жатыр.
Әділдік іздеп шарық ұрған кәсіпкер бұл жолда қанша жүйкесін құртып, денсаулығын сарп еткенімен, түбі шындықтың салтанат құратынына сенгенін айтады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш