ШҚО-да шомылу маусымына дайындық басталды
Шығыс Қазақстан облысында шомылу маусымына дайындық басталды, деп хабарлайды 24kz.
Құтқарушылар жағажайларды аралап, суға түсетін орындардың қауіпсіздігін тексеріп жатыр. Өңірде екі мыңнан астам су айдыны бар. Бірақ оның 22-сінде ғана шомылуға рұқсат. Сондықтан Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары күнделікті рейд жүргізіп, шомылатын орынның тереңдігін анықтап жатыр. Одан бөлек, өзен-көлдердің жағасында медициналық және құтқару бекеттерінің болуына баса назар аударылған. Жағажайларда жаз бойы кезекшілік ұйымдастырылып, құтқарушылар оқытудан өтеді. Өткен шомылу маусымында 6 адам суға кетсе, осы жылдың басынан бері 4 адам тілсіз жаудың құрбанына айналды.
Дәурен Ағажаев, ТЖД Азаматтық қорғау басқармасының бастығы:
- Қайғылы оқиғаның екеуі Ұлан ауданында тіркелсе, тағы бір жазатайым жағдай Алтай өңірінде болды. Суға түсу маусымы басталғалы бері Ұлан ауданының Жанұзақ ауылында тағы бір қайғылы жағдай тіркелді. 2 маусым күні ата-анасының қарауынсыз қалған 3 жасар бала Ұлан өзеніне батып кетті. Сондықтан балаларды көзден таса қалдырмауға шақырамыз.