БҚО-дағы ауыл халқы су бұзған көпірді жөндеуді сұрап отыр

Октябрьское ауылының тұрғындары су бұзған көпірді тезірек жөндеп беруді сұрайды.

Шаған өзенінен өтетін өткел 2 ай бұрын апатты деп танылды.  

Батыс Қазақстан облысындағы бұл жағдайға себеп: сәуір айының басында көпір астына мұз кептеліп, оны бұзуға тура келген еді.

Октябрькое ауылы мен Орал қаласын жалғайтын көпір қазір жарамсыз. Су тасқыны кезінде мұз кептеліп қалған соң амалсыз бұзылды. Содан бері тұрғындар облыс орталығына айналма жолмен қатынап жүр.

Ирина Гончарова, ауыл тұрғыны:

- Бұл көпідің орны біз үшін ерекше. Қалаға жету қиындап кетті. Ал адамдарға күн сайын жұмысқа бару керек. Қазір бір қоғамдық көлік жүреді. Бірақ өткелдей болмайды. 

Апатты деп танылған көпірді жергілікті билік өкілдері  биыл жөндейміз деп отыр. Қазір нысанның жобалық - сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.

Аслан Даубаев, Бәйтерек ауданының ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Октябрьское ауылының көпірі 2011 жылы салынған болатын. Алайда ағымдағы жылы су тасқынының алдын алу мақсатында аталған көпірдің жел тросстары кесілген болатын. Жобалық - сметалық құжаттарды дайындап болғаннан кейін біз бюджеттік өтінім жолдап, аталған жұмыстарды жөндеуге кірісеміз. 

Көпірді қайта жөндеуге жергілікті бюджеттен 60 млн теңге қарастырылды. 

Альбина Құмарғалиева, Ербол Меңдіғалиев, Эльдар Аюпов