Адам саудасы тыйылмай тұр

«Өмірім қараңғы түнекке айналды».

Бұл адам саудасына душар болған әйелдің жанайқайы. Ол құлдыққа бір емес 2 рет түскен. Қазір дағдарыс орталықтарының қамқорлығында. Бас про-куратураның мәліметінше, елде жыл басынан бері осыған ұқсас 12 қылмыстық іс тіркелген.

35 жастағы жәбірленуші Астанадағы балалар үйінің бірінде өскен. Психологиялық ауытқуы және 3-топтағы мүгедектігі тағы бар. Онсызда тағдыр тәлкегіне ұшыраған азаматшаны қаскөйлер түрлі қызметке итермелеген. Әуелі Шымкентке жұмыс іздеп барған ол сол жақтың жергілікті тұрғынымен танысады. Алайда оның артынан іздеушісі жоқтығын білген ер адам сыбайластарымен әйелге қоқан-лоқы көрсетіп, мәжбүрлі түрде көшеде қайыр сұратқан. 

Жәбірленуші:

- Олар қайыр сұрап тапқан ақшамды тиынына дейін қалдырмай, алып отырды. Зіңгіттей еркектер мені ұрып-соғатын, тамақтың өзін есеппен беретін. Күнім таңғы 8-ден түнгі 12-ге дейін көшеде қайыр сұраумен өтті. Қашып кетуге болар еді бірақ қайда барамын? Полицияға хабарлайын десем қорқамын. Кейін адамгершілігі бар такси жүргізушісі кездесіп, Астанаға қашуыма көмектесті.         

Астанаға келгеннен кейін де жолы болмады. Жұмыс іздеп жүргенін білген бейтаныс әйел оны пәтерлердің біріне алдап әкеліп, интимді қызмет көрсетуге мәжбүрлеген. 2 апта құлдықта болған ол ретін тауып, қашып құтылады. Артынша полицияға хабарлап, арыз жазады. 

Жәбірленуші:

- Ол әйел осы іспен айналыспасаң өлтіремін деп қорқытты. Амал жоқ көнуге тура келді. Бәрібір мені қорғаштайтын ешкімім де жоқ қой. Кейде тағдырымның осыншалықты бейшара болғанына күйінемін. Адамдардан әсіресе еркек атаулыдан көңілім қалды. Алдағы уақытта мүмкіндік болса зообаққа жұмысқа тұрып, жануарлар әлемінде жүргім келеді. Жүрегім сол жақта жай табатын секілді.

Ал өзбекстандық мына азамат құрылысқа кіремін деп құлдықтан бір шықты. 5 жігіт болып Қазақстанға келген олардың паспортын жергілікті жұмыс беруші тартып алған. 

Жәбірленуші:

- Астанаға 23 сәуірде келіп, ертеңіне бірден жұмысқа шықтық. Біз Рақым деген адам арқылы хабарласып келдік. Ол бізге алдын ала барлық жағдай жасалатынын, құжаттарымызды таныстарына хабарласып, реттеп беретінін айтты. Кейін түрлі сылтаумен еңбекақымызды бермеді. Артынша 1 ай өткен соң кері қайтамыз, паспорттарды қайтарыңыз дегенде жібермейтінін айтып, қарсылық танытты.

Елде заңсыз жүрген олар амал жоқ полицияға арызданады. Кейін көші-қон қызметі көрші ел азаматтарының Қазақстанда жүру мерзімі аяқталғанын анықтап, жақында кері депортациялайтын болды. Қазір өзбекстандық жігіттер “Қорғау” орталығымен бірлесіп, жұмыс берушінің үстінен арызданған. Олар ең болмағанда маңдай тер ақшамызды алып, елге қайтсақ дейді. 

Анна Рыль, “Қорғау” орталығының басшысы:

- Соңғы кездері Өзбекстан, Тәжікстан және Филиппин мен Африка елдерінен келгендер адам саудасына түсіп, құлдыққа түсу фактісі жиілеген. Жергілікті жұмыс берушілер олардың паспортын жинап алып, артынша заңмен қорқытады. Ал шетелде біреудің паспортын тартып алу қылмыс болып саналады ғой. Сондықтан заң шығарушы органдар осындай жайттарды ескерсе екен. 

Осы орайда белгілі адвокат Айман Омарова адам саудасының құрбанына айналмаудың және оны тоқтатудың бірнеше жолын айтты. 

Айман Омарова, адвокат:

- Көбі жұмыс іздеп барады. Жұмыссыздықты жою үшін жұмыспен қамтамасыз ету керек. Ал ең маңыздысы құқығын білу. Бара жатқан кезде білу керек мынадай жағдай болатын болса қай жаққа бару керек, тілін білмейтін елге барады. Қалай барады ол, ештеңесін білмейді. Мен мынадай жерге жұмысқа баратырмын, мына адаммен сөйлесіп жатырмын, міне менің контрактым копиясы, егер бірнәрсе болса осы адам, бәрін сөйтіп айтып, себебі бәрі заңды болса онда ешқандай жасырын жоқ. 

Елде жыл сайын адам саудасына қатысты 100-ден астам іс тіркеледі. Ал “Қорғау” орталығының көмегіне биыл әзірге 30 шақты азамат жүгінген. Алдыңғы жылдары бұл көрсеткіш 70-тен асатын еді дейді мекеме басшысы. Айта кетейік, адам саудасын кәсіпке айналдырғандар әсіресе әлеуметтік осал топтан шыққандар мен артында іздеушісі жоқ жандарды құрығына түсіреді. Сондықтан полицейлер жеке өмірге қатысты ақпаратты танымайтын адамдарға айтудың қажеті жоқ дейді.

Мерей Қанапия, Ерлан Наурызбаев