Ұлытауда жол жамылғысының сапасын жергілікті жерде тексеруге болады

Ұлытау облысында жол жамылғысының сапасын жергілікті жерде тексеруге мүмкіндік туды.

Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы филиалында мамандандырылған зертхана іске қосылды. Жолдан алынған сынама бұған дейін 500 шақырым жердегі Қарағандыға жеткізілетін. Енді Жезқазғанның өзінде зерттеу жүргізуге болады.

Облыс орталығындағы автожолдардың басым бөлігі сын көтермейді. Тұрғындар да талай мәрте бұл мәселені көтерді. Жолдардың тезірек жөнделгенін қалайды. 

БЛИЦ 

- Қалаға жүретін жол, кіретін жол сырттан, Абай көшесі ..жөнделмей-ақ қойды ғой. Енді жолдар нашар общым. 

- Әрине жолдарды жасап жатыр. Бірақ, өте аз. Шамамен 90 процентінің жағдайы сын көтермейді.  

Биыл қаланың 57 көшесіндегі жолды жөндеу жоспарланып отыр. Оның негізгі бөлігі бұған дейін коммуникация желілері ауыстырылған жеке тұрғын үйлер секторында. Дегенмен, шаһардың басты бағыттарына да көңіл бөлінбек. Жол жөндеу жұмыстарына облыс және қала бюджетінен 4 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. 

Нұрбол Садықов, қалалық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы:

- Абай көшесінен басқа, 56 көшеге орташа жөндеу жүргізу үшін келісім бекітілді. Жұмысты бес мердігер атқарып жатыр. Бүгінде алты көшенің жұмысы аяқталды.  

Жол салуда қолданылған құрылыс материалдары мен асфальт жамылғысы «жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» облыстық филиалында тексеріледі. Мекеме былтыр ашылған еді. Ал жақында мұнда  мамандандырылған зертхана пайда болды. 

Серік Жолдасбек, зертхана меңгерушісі:

- Зертханада барлық жабдық бар. Штат саны анықталды. Егер зерттеу ісін кеңейту қажет болса, қосымша шаралар қабылданады. 

Қазір зертханадағы басты мәселе – кадр тапшылығы. Қызмет етіп жатқан мамандар өзге аймақтардан келген. Сондықтан жергілікті жастарды тарту жүріп жатыр.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Елизавета Шалина, Нұрбол Үздікбаев