Құтқарушылар Есілдің бойын күндіз-түні бақылайды

Астана маңындағы өзен-көлдерде былтыр 7 адам суға кетіп, көз жұмды.

Қарапайым қауіпсіздік ережелеріне салғырт қараудың соңы осындай қайғылы оқиғаларға душар етіп отыр. Оның алдын алу үшін шомылу маусымы басталысымен құтқарушылар өзен бойында тексеру шараларын күшейтті. Демалушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізіп жатыр. Ал қауіпсіздік талаптарын бұзғандар жазаға тартылады.

Жаз басталысымен өзен-көлді жағалайтындар көбейеді. Алайда жағажайдың барлығы бірдей қауіпсіз емес. Астана қаласы бойынша шомылуға қатаң тыйым салынған 22 аумақ бар. Былтыр сол жерлерде 7 адам суға кетті, оның ішінде бір жасөспірім бар.

Алдияр Қошан, Нұра ауданы ТЖБ бас маманы:

- Жаңағы 5 аумақтан бөлек, қалғандарының барлығы – рұқсат етілмеген жерлер. Себебі ол жерде судың асты зерттелмеген. Ол жерде кезекші құтқарушылар, медперсонал жоқ. Еріктілермен бірге жаңағы рұқсат етілмеген жерлерде күнделікті есепте рейдтік жұмыстар жүргізіп жатырмыз.

Суға түсуге тйыым салынған аумақтарда арнайы белгілер қойылған. Бірақ демалушылардың көбі бұл ескертулерді елемейтін көрінеді.

Былтыр 153 адамға сол үшін Әкімшілік кодекс аясында 20 700 теңге көлемінде айыппұл салынған. 240 адам жағажайда ішімдік ішкені үшін тәртіптік жазаға тартылды. Тағы 3 адам суда қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 36 225 көлемінде айыппұл арқалаған.

Құтқарушылар: «қайғылы оқиғалардың 80%-і адамдардың мас күйде суға түсуінен болады», – дейді.

Шомылу маусымында құтқарушылар күніне бірнеше мәрте рейдтік шара жүргізеді. Оның барысында демалушыларға судағы шектеу белгілерінен асуға болмайтындығын ескертеді. Балаларды өзен-көлде қараусыз қалдырудың қауіпті екенін түсіндіреді.

Қуандық Танабас, тілші:

- Құтқарушылар тәулік бойы Есілдің қос жағалауын бақылауда ұстайды. Тәртіп бұзушыларға әуелі ауызша ескерту жасалынады. Заңды бұзғандарға екі АЕК көлемінде айыппұл салады.

Құтқарушылар өзенді жүзіп өткісі келетіндердің де көбейгенін айтады. Бірақ бұл өмірді қауіпке тігумен тең. «Өйткені Есілдің тереңдігі – 7-8 метр, орта тұсындағы ағыс тым қатты», – дейді мамандар.

Азамат Жұмабаев, бас құтқарушы:

- Осы жерлерден «пароходтар», «скоростной катерлер» жүреді. Бұл жер өте қауіпті, астында арматура, темірлер бар. Адамдар осыған қарамай, судың арғы бетінен бергі бетіне жүзе береді.

Есіл жағалауында бірнеше бақылау бекеті бар. 40 құтқарушы өзен бойын күндіз-түні бақылайды. Ал сүңгуір-құтқарушылар су астында сағаттап жаттығу жүргізеді.

Аслиддин Балкенов, сүңгуір-құтқарушы:

- Бұл жаттығуда 6 метр тереңдікке дейін барамыз. Адамдарды іздеу үшін суға батқан. Судың астында шамамен бір сағаттай боламыз. Судың асты қауіпті. Көп жерлерде илдар, тастар, бетон.

Суға батқан адамды құтқаруда әр секунд маңызды. Құтқарушылардың оқиға орнына жедел жетуі үшін жыл сайын жаңа қайық түрлері мен басқа да  құтқару жабдықтары алынады.

Максим Тесля, Нұра ауданы ТЖБ бастығының орынбасары:

- Бұл жерде тәжірибелі 40 құтқарушы жұмыс істейді. Материалдық-техникалық база да жыл сайын толығып келеді. Қазіргі таңда 4 қайық, 4 катер, 2 бірлік сүңгуірлік жарағы, 2 УАЗ автокөлігі бар. Олар күнделікті рейдтік шараларда және төтенше жағдайларда қолданылады.

Елордада суға шомылу 1 маусымда басталды. «Өзен суы әлі де салқын», – дейді мамандар. Су температурасы +18 градустан төмен болса, балалар мен денсаулығы нашар адамдардың өміріне қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан жаздың аптап ыстығына дейін өзен бойында демалуға асықпаған жөн.

Авторлары: Қуандық Танабас, Бағдат Қайыркен.