Жол құрылысындағы жемқорлық тәуекелдері талқыланды
Соңғы 3,5 жылда жол құрылысы саласында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 60-тан астам құқық бұзушылықты тіркеді, деп хабарлайды 24KZ.
70 адамның құйтырқы әрекетін әшкереледі. Сөйтіп, 38 адам сотталды. Келтірілген ақшалай шығын көлемі 8 млрд 800 млн теңгеге тең. Бірінші кезекте парақорлық салдары жол сапасына тікелей әсер етіп жатыр. Бүгін Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали мен Көлік министрі Марат Қарабаев бірлескен кеңес өткізіп, осы мәселелерді қарады. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жол саласына бөлінген барлық қаражатты жоспарлау және жұмсау үдерістері зерделеніп, Гонконг, Сингапур және Қытай тәжірибесін зерделеуге ерекше назар аударылады. «Ғылыми қауымдастықпен бірлесіп, құрылысқа жаңа технологияларын енгізу тетіктері ұсынылады», – деді Асхат Жұмағали. Кездесу соңында тараптар жол құрылысы саласындағы қалыптасқан жағдайды өзгерту бойынша кешенді шараларды бекітті.