Павлодарлық оқушылар екі тонна пластикалық қақпақты қайта өңдеуге тапсырды

Былтыр балғындар түскен қаражатты түгелдей қайырымдылыққа жұмсаған, деп хабарлайды 24kz.

Яғни, ауыр науқасқа шалдыққан екі балаға көмектесіпті. Жақында оқушылар сарайында «ЭКО boom» пилоттық жобасы басталды. «Жақсылық жаса» атты акция аясында оқушылар пластик қақпақтарды жинап тапсырды. Ұйымдастырушылардың сөзінше, балғындардың бұл бастамасы тек қайырымдылыққа ғана емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да оң ықпал етпек. 

Ярослава Николаева, оқушы:

- Мен пластик қақпақтарды анаммен жинадым. Оның барлығын қайта өңдеуге тапсырып, мұқтаж жандарға көмектестім. Ең бастысы пластикалық қақпақ таза болуы керек.

Әйгерім Оразбаева, ұйымдастырушы:

- Қазір өңір тұрғындарында осындай экологиялық әдет қалыптасқан. Көп адамдар қақпақтарды қоқыс жәшігіне тастамай, балаларына береді. Ал, олар бізге әкеледі. Біз қақпақтарды «Ашық жүрек» қайырымдылық қорымен бірлесе, қайта өңдеу кәсіпорнына тапсырамыз.