Оралда мопед пен скутер тізгіндеген жасөспірімдер жарақаты жиілеп кетті
Оралда жасөспірімдер жарақат алып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Басты себеп – скутер, самокат мен мопед көбейген.
Ал жол сақшылары оларға тыйым сала алмайды. Өйткені заң жас жүргізушілерді жауапқа тартпайды. Тек ата-анасына айыппұл төлетеді.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Соңғы жылдары қала көшелерінде екі дөңгелекті темір тұлпарлардың саны артты. Машинаны мотоциклге айырбастағанның бірі – Петр Чуриков. «Кептеліске уақыт шығындамайсың, жанармайы да қалтаны жұқартпайды», - дейді ол. Бірақ оны алаңдататыны – жолда жасөспірімдердің көбейіп кетуі.
Пётр Чуриков, қала тұрғыны:
- Қазір жолда бала-шаға көбейіп кетті. 14 жасқа да толмаған оқушылар электроскутерлермен емін-еркін жүр. Шлем де жоқ, екі-үштен мінгеседі. Иә, біз де бала кезімізде мопедке мінуге асықтық. Бірақ ол кезде қазіргідей нөпір көлік болған жоқ. Жол жүру ережесін жөндеп меңгермеген жасөспірімдерге бұлай жүру қауіпті.
Жаз шыққалы жол сақшыларының басты назары мопед пен скутер мінгендерде. Жас жүргізушілерге қолданар шара жоқ, айыппұл ата-анасына салынады.
Егер көлік қозғалтқышының көлемі 50 текше сантиметрден, жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан аспаса, мопедті тізгіндеуге жүргізуші куәлігі керек емес. Ал жүргізушінің жасы 16-ға толуы керектігін ешкім ескере бермейді. Заңның осал тұсы да осы. Баласына скутер сыйлаған ата-ананың да жауапкершілігі ақсап жатыр.
Ернар Сұлтанғалиев, облыстық ПД басқарма басшысы:
- Екінші проблема – ата-аналар. Балалардың қауіпсіздігін ойламай отыр. Ол жолға шығып кете ме, басқа жерге жүре ме, бала деген тағы басқа іс-әрекет істеген кезде салдарынан тағы неше түрлі жағдай болуы мүмкін. Соның ішінде қаза табуы мүмкін. Соны білуі керек ата-аналар.
Тәртіп сақшыларының бұлайша батыра айтуына себеп жоқ емес. Жыл басынан бері облыста скутер-мопедтердің қатысуымен 9 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1 бала қаза тапқан, 10 адам дене жарақатын алды. Балалар ауруханасына жедел жәрдеммен күн сайын жеткізілетін 70-тен астам жасөспірімнің біразы жарақатты жолда алатын көрінеді.
Болат Әлібаев, травматолог-ортопед:
- 2 аяқты «великтерден» құлайтын тәулігіне 10 шақты адам болуы мүмкін. Күнде келетін 80-70 науқас күніне келеді, көбі ұрып-соғылған жарақаттар. Ал қазіргі таңда өте көп кездесетін екі аяқты скутерлер мен велосипедтен құлайтындар өте көп, самокаттардан құлайтындар өте көп.
Жаз басталғалы мопед және скутер жүргізушілеріне қатысты 90 әкімшілік хаттама толтырылған. Ата-аналарға әкімшілік заңнаманың 127-бабына сәйкес 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салыныпты.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Е.Меңдіғалиев, Э.Аюпов