Полицияның есебінде тұрған жасөспірімдер енді бірден спорттық секцияға тіркеледі

Тентекті спорт тезге салады. Полицияның есебінде тұрған жасөспірімдер енді бірден секцияларға жазылады, деп хабарлайды 24kz.

Туризм және спорт министрлігі тәрбиесі қиын балалар үшін спортпен айналысуды барынша қолжетімді етпек әрі бұл секциялар тегін.

Нұрқанат Қанапия, тілші:

- Туризм және спорт министрлігі күші тасыған тентектерді спортқа тартуға кірісті. Ол үшін тегін секцияларға жазылу тәртібіне өзгеріс енгізді. Яғни, бұдан былай полицияның есебінде тұрған сотқарлар секцияға бірден тіркеледі.

Азамат Апахаев, ҚР ТСМ Спорт және денешынықтыру істері комитеті басқармасының басшысы:

- Ішімдікке жақын, әке-шешесі өзінің балаларына қарамайтын, былай атқан кезде қараусыз балалар ғой. Ондай балалардың әке-шешелері мысалы, өзінің балаларын ойламайды, секцияларға жазбайды. Оқуына төлемейді. Сондай балаларды біз приоритетті режимде орынға кезекке тұрғызу бойынша жұмыс жасадық.

Былтыр ел бойынша 250 мың бала тегін секцияларға қатысты. Биыл бұл көрсеткішті 300 мыңға жеткізу көзделіп отыр. Қазір ел көлемінде 7 мыңнан астам секция жұмыс істейді. Девиантты мінез-құлқы бар балаларды кезекке қоюға жергілікті атқарушы органдар жауапты болады. Әзірге бұл жұмысты жүзеге асыру механизмі пысықталып жатыр.

Ержігіт Өсербай, Мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыру дирекциясының бөлім басшысы:

- Басымдық берудің негізгі себебі, яғни, жаңағы өздерінің артық күштерін дұрыс жолда пайдалану, яғни спортқа, бос уақыттарын дұрыс жолда пайдалану мақсатында. Біздің тарапымыздан жергілікті атқарушы органдар мен Ішкі істер органдарымен бірлесіп жұмыс атқаратын боламыз. Сондайлардың тізімін алып, бірге тіркеуге атсалысамыз. Ата-аналарына үгіт жасап, мысалы, түсіндіру жасап, кейбір ата-аналар білмеуі мүмкін.

Сонымен қатар министрлік мүмкіндігі шектеулі балалар үшін бөлек кезек ашуды жоспарлап отыр. Соның арқасында мүгедек балалар өзгелермен бірге ұзақ уақыт кезекте тұрмайтын болады.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Мерей Талап, Арман Ақшабаев