«Халық қатысатын бюджет»: Көкшетауда биыл 50-ге жуық өтінім түскен
Көкшетауда жиырмаға жуық балаларға арналған және спорт алаңдары салынады, деп хабарлайды 24kz.
Мұның бәрі «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жүзеге аспақ.
Яғни, тұрғындар аулаларды абаттандыру және қалыпқа келтіру бағытында өз ұсынысын жеткізеді. Сөйтіп, дауыс беру арқылы үздік жоба анықталып, соған қаржы бөлінеді.
Облыс орталығында жөндеуді қажет ететін тұрғын үй ауласы аз емес. Көбінің өңі кетіп, тозығы жеткен. Тіпті қаланың қақ ортасында орналасқан аулалардың өзі ширек ғасырға жуық жөндеу көрмеген.
Әміржан Нығметов, қала тұрғыны:
- 25 жылдан бері осы үйде тұрамын. 25 жылдың ішінде балаларға деп арналған өздеріңіз көріп отырсыздар, ешқандай алаң жоқ. Кешке жақын шығатын дұрыс орын жоқ. Айтайын дегенім, осы жерді бір жөніне келтіретін уақыт келген шығар. Жарты ғасырдың жартысы өтті ғой.
«Юбилейный» шағынауданынын тұрғындары да аулаларын абаттандыруды көп күткен. Нәтиже болмағасын, қажетті жобаны өздері дайындайды. «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында құжат жинап, тұрғындар дауыс береді. Қазір халықтың бұл бастамасы мақұлданып, 20 миллионнан астам теңге бөлінді.
Светлана Галушко, МИБ төрайымы:
- Біз өте қуаныштымыз. Тұрғындар да белсене қатысты. Незігі біз былтыр да қатысып, жобамыз мақұлданбай қалған еді. Сондықтан биыл жұмыла жүріп, жобамызды қорғап, қажетті дауыс жинадық.
Жалпы биыл жоба аясында 50-ге жуық өтінім түскен. «Соның 40-ы онлайн дауыс беруге шықты», - дейді мамандар. Бұл жерде жобаның тиімділігі мен тұрғындардың белсенділігі маңызды.
Махаббат Самрат, Көкшетау қаласы әкімінің кеңесшісі:
- Сараптамалық комиссияға келіп түскен ұсыныстардың заңнамаға сәйкестігін тексеріп, онлайн дауыс беруге жібереді. Онлайн дауыс беру де тұрғындардың қатысуымен жүргізіледі. 50-ден кем емес дауыс алған жобалар жүзеге асырылады.
Бұдан бөлек, жергілікті билік өкілдері осы жылы облыс орталығында жеті және қала іргесіндегі Красный яр ауылында алты ойын алаңын салуды жоспарлап отыр.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный