Алматының туризм инфрақұрылымы дамып жатыр ма?

Алматының сұлу табиғатына қазақстандықтар ғана емес, шетелдік туристер де жиі қызығушылық танытады.

Биылдың  үш айында қалаға 400 мың шетелдік және жергілікті туристер келді. Қонақтар көбіне Шымбұлақ, Медеу, Горельник шатқалына барғанды ұнатады. Туризм дамуы үшін инфрақұрылым сай болуы маңызды. Біздің түсіру тобымыз Алматының туристік орындарына барып, демалушыларға жасалған қолайлы ортамен танысты.

Айнұр Есімова Алматының көрікті жерлерін аралау мақсатында  балаларымен Астанадан арнайы ұшып келді. Мақсатым – ұлдарыма туған жердің кереметін көрсету, әрі отандық туризмнің дамуына үлес қосу, дейді. Демалысты алдын ала жоспарлап, тіпті қаржылық жағынан тиімді болу үшін Kids Go Free бағдарламасын таңдаған.

Айнұр Есімова, Астана қаласының тұрғыны:

- Біз арнайы Kids Go Free бағдарламасымен келдік. Өте ыңғайлы бағдарлама екен. Балаларға ұшу тегін. Шымбұлақтың, Медеудің сұлулығына таңқалып жатырмыз, енді жылда келеміз деген ойымыз бар. Балаларыма өте ұнап жатыр. Табиғаты өте керемет.

«Шымбұлақ» тау шаңғы курортын әлем таниды десек артық айтқандық емес. Кешенге күн сайын төрт мыңға жуық адам келеді. Алматылықтар мен қала қонақтарының белсенді демалуы үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Қыста тау бөктерінде шаңғы мен сноуборд тебуге болады, ал жазда жаяу серуендеп, сұлу табиғаттың әсемдігін тамашалауға мүмкіндік бар.

Марк Сютер, турист /Швейцария/:

- Мен Қазақстанда алғаш рет 10 жыл бұрын болдым. Енді осы жолы отбасыммен келіп тұрмын. Мұндағы табиғат пен таулар өте ерекше. Мынадай сұлулықта, таза ауада демалып күш-қуат жинауға болады.

«Горельник» шатқалы қала тұрғындары мен қонақтары баратын тағы бір көркем жер. Бұл жер әсіресе ересек тұрғындар арасында танымал. Мұнда сарқырамалар жанында демалып, табиғи ыстық суға түсуге болады.

Аяжан Барлыбай, қала тұрғыны:

-Мен тауға жиі келіп тұрамын, себебі өзім таудан қуат аламын. Бұл жерде маған табиғат ұнайды. Әсіресе қазір туристік орындарды жиі ашып жатыр, туристерге барлық ыңғайлы жағдайлар жасалуда. Сондықтан да бұл тауға жиі келуге тағы да бір себеп.

Туризм инфрақұрылымы белсенді дамып келеді. Мысалы серуендеу үшін әкімдік жеке инвесторлармен мынадай ыңғайлы соқпақтар жасап, жол бойына демалатын орындар қойған. Жақында тауда арнайы визит-орталықтар ашылды.

Наргиз Құсайын, қала тұрғыны:

-  Бұл әсіресе тауға жаңадан келгендер үшін өте ыңғайлы. Қажетті кеңес, пайдалы ақпараттар алуға болады. Сондай-ақ бұл жерде жүрек жалғап, тамақтануға да болады. 

Елімізде туристік белсенділіктің артып келе жатқаны анық. Сондықтан инфрақұрылымды дамыту аса маңызды. Бұл мақсатта елімізде барлық қажетті шаралар қолға алынып жатыр.

Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев