Петропавлда тасқын қаусатқан үйлер бұзылып жатыр

Петропавлда тасқыннан кейін тұруға жарамай қалған үйлер бұзыла бастады, деп хабарлайды 24KZ.

Қала бойынша 1600-ге жуық баспана апатты жағдайда екені анықталған. Бұл үйлердің иесі далада қалмайды. Алды жаңа пәтерге кіріп жатыр. Ал бұзылған үйлердің орны не болмақ? Биліктің шешімі қандай?

Көктемде суға кеткен мына бір үй техникалық тексерістен кейін апатты деп танылды. Бүгін ол сүріліп, жермен-жексен болды. Ал осында тұрған отбасыға басқа баспана берілді.

Юлия Федорук, қала тұрғыны:

- Біз бұл үйде өмір бойы тұрдық. Оны кезінде атам мен әкем салған. Әрине, қимаймыз. Болған іс болды. Қазір оның орнына пәтер алдық.

Облыс орталығында осындай 1600-ге жуық үй тұруға жарамсыз деп танылды. Қазір оларды бұзуға әр аудан мен қаладан құрылған жұмыс бригадалары жұмылдырылған. Мамандар көшелерді де ретке келтіріп, күл – қоқыстан тазартады.

Әсем Айтулова, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

- Үйлерді сүру бойынша жұмыстар басталды. Яғни, орнына пәтер алған немесе үй алған тұрғындардың үйлері қазіргі таңда сүріліп жатыр. Бүгінгі күнге дейін бізде 60-қа жақын үй сүрілді. Бұл жұмыстар әлі де жалғасып жатыр.

Жалпы қала бойынша 2200-ге жуық үйді су басты. Оның ішінде тұруға жарамды деп танылғандары қайта жөнделеді. Ал апаттылардың орнына пәтер немесе жаңадан салынған үй беріледі. Таңдау тұрғындарда.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Енді сүрілген үйлердің орнына ештеңе де салынбайды. Жергілікті билік өкілдері ол жерлерге шағын саябақтар мен балалар алаңқайларын салып абаттандыруды жоспарлап отыр.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков.