Қазақстан мен Беларусь әскери мұрағаттарының басшылары кездесті

Қазақстан мен Беларусь әскери мұрағаттарының басшылары кездесті
www.gov.kz

Беларусь Республикасы Қорғаныс министрлігі Орталық мұрағатының директоры Борис Горкавой бастаған делегация Астанада болып, өзінің әріптесі Қазақстан Қорғаныс министрлігі Орталық мұрағатының бастығы подполковник Талғат Құлжанбековпен кездесті.

Тараптар мұрағат ісін ұйымдастыру саласындағы өз жетістіктерімен бөлісті. Қазіргі жағдайда қолда бар құжаттар массивтері цифрлық форматқа ауыстырылуда. Бұл олардың сақталуына, жүйеленуіне және кез келген қашықтыққа жылдам берілу мүмкіндігіне ықпал етеді.

Келіссөздерде Ұлы Отан соғысы жылдарында хабар-ошарсыз кеткен қазақстандықтарды іздестіруге көмек көрсету мәселелері қозғалды. Сұхбаттасушылар осы кезеңдегі құжаттар алмасу туыстарынан айырылған отбасылар мен іздеушілер үшін және әскери тарихшылар үшін маңызды екенін атап өтті.

Сапар барысында Беларусь делегациясының мүшелері ҚР Қарулы күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи және еліміздің Ұлттық музейлерінің экспозицияларымен танысты, сондай-ақ елорданың көрнекті нысандарында болды.

 

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі