Алматы облысында ₸50 млн субсидияны қалтасына басқан азамат сотталды
Алматы облысы Ұйғыр ауданында 50 миллион теңге жымқырған ауыл шаруашылық кооперативінің төрағасы сотталды, деп хабарлайды 24kz.
Ол субсидия ақшасын, яғни, асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуға бөлінген мемлекет қаржысын өз қалтасына басқан. Сот үкіміне сәйкес ол кінәлі деп танылып, 6 жыл бас бостандығынан айырылды.
Әлібек Әбділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:
- Ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің төрағасы аналық қой басының саны және ұрықтандыру тәсілі жайлы шындыққа жанаспайтын ақпаратты қолдана отырып, 50 млн теңге субсидия алған. Бұнымен тоқтамай, кооператив төрағасы өзінің қылмыстық табысын көбейту және заңдастыру мақсатында субсиялау талаптарын ескермей, түскен мемлекет қаражатының бір бөлігін кооператив депозитына аударып, түскен пайданы өз қажетіне жаратқан. Сот үкімімен кооператив төрағасы мемлекет қаржысын жымқыру және қылмыстық пайданы заңдастыру бойынша кінәлі деп танылып, 6 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.