Disney-дің тағы екі анимациялық фильмі қазақ тіліне аударылып жатыр
Disney туындылары қазақ тіліне 2011 жылдан бері аударылып келеді, деп хабарлайды 24kz.
Бұған дейін олар мемлекеттік тапсырыспен немесе жеке қаражат есебінен дубляждалған. Ал «Ойжұмбақ» анимациялық фильмін киностудия өз қаржысына аударды. Disney жыл сайын əр фильмнің түрлі тілдердегі 30-ға жуық нұсқасын дайындайды. Қазақ тілінің осындай ірі тілдер қатарына қосылуы – жақсы жаңалық.
Шахмұрат Ордабаев, дубляж режиссері:
- Шамамен осындай жобаларды дыбыстауға, музыкалық емес жобаларды дабыстауға шамамен 15 күннен 35-40 күнге дейін кетуі мүмкін. Осы фильмге жалпы мәтінді, ең бірінші бастапқы кезеңдегі мәтінді аударудан соңғы осы правка дейді ғой, соңғы қосымша сәттерді жазғанға дейін бас-аяғы 30 күндей уақыт кетті.
Қызықты мультфильмнің басты кейіпкерлері Санжар Мәдиев, Рүстем Жаныаманов, Луина сынды актерлер мен әншілердің дауысымен сөйлейді. Мұнда қазақ тілінің қолданыс аясын, әсіресе, балалар арасында сирек қолданылатын төл лексиканы орнықтыруға жол ашатын мысалдар көп.
Көрермен көп көретін туындыларды қазақ тіліне аударып, дубляждалуына еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі ден қояды. Себебі, ана тіліміздің қолданыс аясын баланың сүйікті кейіпкерлері арқылы кеңейту ұтымды әдіс саналады.
Рүстем Жаныаманов, актер:
- Мен өте қатты қуаныштымын дәл осы жерде жүргеніме, қатысқаныма. Бағана адамдарға, таныстарыма айтып жатырмын мен жазғам, мен жазғам деп. Бұндай анимациялық туындылардың көбейгенін қалаймын.
Құралай Өтепова, дубляж актері:
- Ұнады. Менің ұстазым айтушы еді: «дубляжды актердің актері ғана жасайды» деп. Соны жұмыста көрдім. Қиындықтар болады деп ойладым. Алайда режиссер көмегімен өте жеңіл шықты.
Жалпы биыл Disney студиясы «Моана 2», «Муфаса: Арыстан патша» анимациялық фильмдерін өз қаражатына қазақ тіліне аударады. Олар еліміздің кинотетрларында күзде көрсетіле бастайды.
Авторлары: А.Садуақас, М.Құдықбаев