15 маусымнан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткендер қатаң жазаланады
15 маусымнан бастап күшіне енетін жаңа заңға сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткендер қатаң жазаланады, деп хабарлайды 24kz.
Атап айтқанда, денсаулыққа қасақана жеңіл жарақат салған адам 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлейді. Немесе 200 сағат қоғамдық жұмысқа тартылады немесе 50 тәулікке дейін қамалады. Ал орташа жарақат салған жағдайда 2 жылға дейін, ауыр жарақат салғанда 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Суицидті насихаттағандар да жазаланады. Олар 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл арқалайды. Ал насихаттың соңы өлімге оқталу немесе өлімге апарса, үгіттеушілерге бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қолданылады.
Заңның негізгі нормалары:
Денсаулыққа қасақана жеңіл жарақат – 200 аек дейін айыппұл;
Денсаулыққа орташа жарақат – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
Денсаулыққа ауыр жарақат – 3-8 жыл бас бостандығынан айыру;
Суицидті насихаттау – 200 АЕК дейін айыппұл.
Құжатта жасөспірімдердің құқығы мен қауіпсіздігін қорғауға ерекше мән берілген. Бұдан былай балаларды зорлаған немесе өлтірген қылмыскерлер өмір бойы бас бостандығынан айрылады. Ал буллинг және кибербуллингке қатысы барлар 10-нан 30 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл төлейді. Сонымен қатар 16 жасқа толмаған балаларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіргендерге 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Заңның негізгі нормалары:
Педофил – өмір бойына қамалады;
Баланы өлтіргендер – өмір бойына қамалады;
Буллинг, кибербуллинг – 10-30 АЕК айыппұл;
Автобустан мәжбүрлеп түсіру – 5 АЕК айыппұл.