Күйеуінен ұзақ жыл қорлық көрген әйел арнамызға сұхбат берді

Үйінде жанжал шығарғандар тек айыппұлмен құтыла қоймайды, деп хабарлайды 24kz.

«Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң қатаңдатылды. Ұрып-соғып, денсаулыққа зиян келтіргендер бас бостандығынан айырылады. Бала құқықтары жөніндегі жедел уәкілдің мәліметіне сай, былтыр елде отбасылық жанжалға қатысты 100 мыңға жуық хабарлама түскен. 69 әйел мен 7 бала көз жұмған. Мамандар мұндай әрекеттердің алдын алуға енді жаңа заң септігін тигізетінін айтып отыр.

Жүзін көрсетпеуді сұраған бұл әйел күйеуінен ұзақ жыл теперіш көрген. Айтуынша, тұрмыс құрғалы отағасы әр нәрсеге тыйым салып, қысым жасапты. Ал қит етсе кемсітіп, жұдырығын ала жүгіреді екен. Әбден зәбір көрген келіншек ақыры үйден кетуге мәжбүр болған.

Жәбірленуші:

- Түнде ұйықтай алмаймын. Аяқтарым шымырлап, қауіп бар сияқты болады. Осылай дірілдеймін. Қауіп бар сияқты. «Қазір мені алып кетеді, мені ұрады, бітпейді мұндай өмір, бітпейді» деп, «қашан бітеді екен мұның бәрі» деп, сондай паника болды.

Қазір әйел балаларымен бірге Шымкенттегі дағдарыс орталығын паналап отыр. Шаһарда бұл мекеменің көмегіне жүгінетіндер жиілеген. Биылдың өзінде 700 шақты адам келген. Жәбірленушілерге әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек берілді. «Дегенмен, оларға ең алдымен қоғамның қолдауы аса қажет», - дейді мамандар.

Малика Жүсіпова, дағдарыс орталығының басшысы:

- Біз мұндай әйелдердің өз-өзімен күресуіне жәрдемдесеміз. Өйткені олардың көбі ел-жұрттан ұялып, азапқа көніп жүре береді. Әр адамның құқығы қорғалуы тиіс. Біз оларға барынша психологиялық және заңи кеңес беріп жатырмыз.

Елде тұрмыстық зорлық-зомбылық жиілеп кетті. Биыл алғашқы 4 айдың ішінде отбасының берекетін қашырған 45 мыңнан астам адам әкімшілік жауапқа тартылды. Жаңа заңға сәйкес, мұндай әрекетке барғандар бұдан былай оңай құтыла қоймайды.

Жанна Асанова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Жәбірлеушінің тек қана 5 тәулікке отырып, сосын қайтып келіп, қайтадан сол зорлық-зомбылық жасап, кейбір кезде өлтіріп те тастаған жағдайлар болып жатты ғой. Қасақана денсаулыққа жеңіл зиян келтіру мен ұрып-соғу Қылмыстық кодекске енгізілді. Оған деген жауапкершілік күшейтілді. Егер денсаулыққа ауыр зиян келтірген жағдайда әрі қарай оның жазасы қатаңдау болады.

Жасөспірімдерге қатігездік таныту және денсаулығына зиян келтіру бойынша істі тараптарды татуластыру арқылы шешуге тыйым салынады. Ал оларды зорлаған немесе өлтірген қылмыскерлер өмір бойына бас бостандығынан айырылады.

Ажар Сағандықова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұрын балалардың денсаулығына зиян келтіру бойынша істердің кейбірі тараптардың татуласуы арқылы шешілетін. Енді ондай келісім мүлде болмайды және жаза күшейтіледі. Сонымен қатар баланы ұрлаған немесе бостандығын заңсыз шектеген адамдар 5 жылдан 15 жылға дейін сотталады. Ал буллинг және кибербуллингке қатысы барлар 10-нан 30 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл арқалайды.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандар жұмыстан бір айға дейін жалақысы сақталмайтын демалыс ала алады. «Өйткені олар жанжал салдарынан кейде барлығын тастап қашуға мәжбүр болады», - дейді депутаттар. Сондай-ақ кез келген адам «111» байланыс орталығынан ақпараттық және психологиялық көмек ала алады.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Жандос Битабаров