Көші-қон заңнамасын бұзғандар елден шығарылды

Павлодар облысында жыл басталғалы 279 адам көші-қон заңнамасын бұзған.

Көбі елге жұмыс іздеп келгендер. Соттың шешімімен 30 шетелдік елден шығарылса, 36 жұмыс беруші жауапқа тартылды. «Заңсыз келуші-2024» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде полицейлер біраз заңсыздықты анықтады. Мәселен, Өзбекстанның 11 азаматы Павлодардағы жекеменшік тұрғын үй құрылысына тартылған. Бірақ рұқсат қағаздары болмаған. Осы елден келген тағы төрт азаматтың жеке кәсіпкердің қарамағында заңсыз қызмет атқарғаны да белгілі болды. 

Альмира Хайруллина, полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы:

- Бұл жедел-профилактикалық іс-шара шеңберінде Өзбекстан Республикасының 15 азаматына әкімшілік шаралар қолданылып, қазіргі уақытта сотқа жолданды. Бұл бойынша шешім әлі қабылданған жоқ. Үш азаматқа қатысты әкімшілік айыппұл салынды 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде және бір азаматқа Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығару шарасы қолданылды.