Қызылордада «Таза су айдындары» акциясы қорытындыланды

Қызылордада екі айға созылған «Таза су айдындары» акциясы қорытындыланды.

Табиғат қорғау шарасы аясында өзен-көлдерден 115 тонна тұрмыстық қатты қалдық пен 315 дана көне ау құралы жиналды. Моно-талшықты ау құралы су астында ұзақ жылдар бойы шірімейді. Соның салдарынан су жәндіктері мен балықты жарақаттап, олардың көбеюіне кедергі келтіреді. Осындай иесіз балық аулау құралдары мен табиғатқа зиянды заттарды су түбінен шығару үшін инспекция тарапынан 125 техника мен 781 адам жұмылдырылып, 15 шағын кеме мен арнайы құрылғы пайдаланылды. Мұнан бөлек, қатарында өңір тұрғындары, студенттер мен еріктілер бар табиғат жанашырлары Кіші Арал теңізінен бастап Түркістан облысындағы Шарадара су қоймасына дейінгі 201 су айдынын тазалауға атсалысты.

Жанқожа Сапаров, Арал-Сырдария облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары:

- Наурыз, мамыр айларында тұрақты түрде, күшейтілген түрде жүргізіледі. Яғни акция осы уақыттарға белгіленген. Ал қалған уақыттарда табиғат пайдаланушылар, инспекторлар рейд барысында міндетті түрде бірігіп, су айдындарын тазалау жұмыстарын жүргізіп отырады.