Оралда жастар қала тазалығына үлес қосты

Оралдықтар «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Біз таза ел үшін» шарасын өткізді.

Орталық базардың жанына жиналған жастар тұрмыстық қалдықтарды жинаудан жарысқа түсті. 

Оралдың орталық базары маңындағы мына орынды жастар өздері таңдапты. Арнайы контейнерлерге аяғы жетпей, қолындағы қоқысты көзден таса жерге тастап кететін кәсіпкерлер аз емес. Соның салдарынан ағаштың арасы аяқ алып жүргісіз. Осы тұрмыстық қалдықтарды жастар «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы барысында жинап шықты. 

Диляра Жеңісқызы, студент:

- Барлықтарыңызды осы бір акцияға қатысуға шақырамыз. Себебі қоқыс біздікі болмағанмен Орал қаласы біздікі. Сондықтан өзім осы қала тұрғыны ретінде қала таза болуы үшін осындай қоқыстардың жиналуы үшін, жалпы «Таза Қазақстан» акциясына қатыса берем. 

«Біз таза ел үшін» шарасына 200-дей жас қатысты. Олар 6 командаға бөлініп, қоқыс жинаудан жарысты. Жиналған тұрмыстық қатты қалдықтардың салмағы өлшеніп, жеңімпаздар анықталды. Қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.  

Архат Ислямғали, "Жастар рухы" жастар қанаты БҚО филиалының төрағасы:

- Бұл менің қалам деген ұранмен ғой бәрі. «Мен шаштым, мен жинауым керек, не сен шаштың, сен жинау керексің» деген ұғым жоқ. Біз жалпы белсенді жастар, қала тұрғындары кезекпен әр ауданға, кезекпен әр көшеге баруға тырысып жатырмыз. Акцияны кеңінен насихаттау, жалпы қала тұрғындарын осыған тарту мақсатымыз болып саналады. 

«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы іс-шаралар елімізде 8 сәуірде бастау алғаны белгілі. Алайда су тасқынына байланысты Орал қаласы акцияға кеш қосылыпты. 

Жандос Дүйсенғалиев, Орал қаласы әкімінің орынбасары:

- Осы «Таза Қазақстан» акциясын 3 жұма бұрын бастадық. Бірінші стихиялы қоқыс орындарын жинап бастадық. Одан кейін ағаш отырғызу акциялары жүргізілді. Барлығы 2 мыңға жуық ағаш қала бойынша отырғызылды. Зашаған, Деркөлде, қаланың түкпір-түкпірінде. Ендігі осы жұма сайын әр түрлі тақырыптар, бағыттар бойынша жұмыстар жүргізетін боламыз. 

 Жалпы сәуір айынан бері өңірдегі санитарлық тазалық айлығына 13 мың тұрғын, 3321 мекеме қатысқан екен. Нәтижесінде 44 мың көшет отырғызылып, 525 тарихи-мәдени ескерткіш аумағы тазаланған. 

Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов