Алматы облысында суда шомылу ережесін бұзғандар жазаланды
Алматы облысында судағы қауіпсіздік ережесін бұзған 25 демалушыға 375 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Өткен жылы облыс аумағындағы өзен-көлдерде 16 адам суға кеткен. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметі бойынша, биыл ондай қайғылы жағдай болған жоқ. Алматы облысы бойынша шомылуға рұқсат етілген 103 орын жасақталды. Соның жетеуі Қонаев қаласында орналасқан коммуналдық жағажай. Қазір тағы бір қалалық жағажайдың құрылысы жүріп жатыр. Өткен жылы Қапшағай көліне 1 млн 200 мыңнан астам демалушы келген. Биыл олардың саны 1,5 миллионға жетуі мүмкін деген болжам бар.
Қанат Қалиев, Қонаев жедел құтқару жасағының бөлімше басшысы:
- Мүмкіндігінше енді батып жатқан адамды білеміз. Түсініксіз іс-қимыл, ол айқайламайды. Бірде ауа бар, бірде су жұтады. Бірінші батудың себебін айтамын, мына Қапшағай су қоймасының асты тегіс емес. Соның салдарынан бізде шұңқыр көп, төбе, бір жері төсіңнен келеді, бір жері екі метрлік ямаға дейін түсіп кетуі мүмкін. Кей жерлері мына ішіңе дейін, беліңе дейін түсіп кетесің. Соны түсіндіріп айтамыз, құрметті демалушылар, ұзаққа кетпеңіздер, судың асты тегіс емес. Батып кетулеріңіз мүмкін деп.
Мейрамгүл Мұхташқызы, Семей қаласының тұрғыны:
- Семей қаласынан келдім осы Қапшағайдың жазғы демалысын көрейін деп. «Балаларды сақтаңыздар, алысқа кетпеңіздер» деп алысқа кетіп бара жатса, құтқарушыларды тыңдамаса, қайықпен барып қайтарып, өте жақсы екен, ұнады маған. Әсіресе мынау мотоқайықтармен жақсы демалып қайттым, тапшандары да өте керемет. Халыққа қолжетімді бағада қойылған екен.