ШҚО-ның Осинов өткеліндегі жол құрылысы келер жылы аяқталады

Шығыс Қазақстандағы Осинов асуындағы жол құрылысы келер жылдың соңында аяқталады.

Бұған дейін кедергі болған мәселелер шешіліп, құрылыс қайта жанданған.

Қағазбастылық салдарынан бұл құрылыс бес жылдан бері тоқтап тұрған еді. Жұмыс жүріп жатқан учаскені орман қорынан бөліп алу үшін 4 жыл кетті. Кейін жоба құны қымбаттап, құжаттарға түзетулер енгізу үшін тағы 1 жарым жыл керек болды. 

Осинов өткелін Тереңсай деп те атайды. Бұл еліміздегі ең қауіпті, иірімі көп, жолы тар шатқал ортасындағы учаске. Туристік әлеуеті зор Қатон-Қарағайға апаратын трассаның бұл бөлігі әбден тозды. Әрі-бері жүрген халықты әбден әбігерге салды. 

Қыста бұл серпантинмен өтуге жиі шектеу қойылады. Вера Сайбекова Үлкен Нарын ауылында шаруасын дөңгелетіп отырған кәсіпкер. Дүкенге керек-жарағын Өскеменнен алдырады. Қатынастың қиындығынан талай рет шығынға батып,әуреге түскен ол асудағы құрылыстың бітуін асыға күтіп жүр. 

Вера Сайбекова, Үлкен нарын ауылының тұрғыны:

- Көктемде көшкін түседі, көктайғақ, ал қыста қар, күзде лай су басып жатады. Қатарынан 4-5 күн жол жабық жататын кез болады. Тауар жеткізе алмай дал боламыз. Сондықтан айналма жолдың салынып бітуін асыға күтіп жүрміз. Алайда ұзаққа созылып кетті, ол күнге жетеміз бе жоқ па білмеймін.

Зейнеткер күткен күн алыс емес. 5 жарым жыл үзілістен соң құрылыс жанданды. Тау арасынан төте жол салынып жатыр. Арнайы жарылыс жасау арқылы 400 мың текше метр жартас үгітілді. 50 техника,100-ден аса адам жұмылдырылды. Әзірге қаражат жағынан да кедергі жоқ, дейді маман. 

Алмас Қасенов, «Қазавтожол» ҰК» АҚ ШҚО филиалының бөлім басшысы:

- Жалпы мердігерлік келісім-шарт бойынша 12,8 миллард теңге бірінші участекке қарастырылған, оның биылғы жылы 4,9 миллард ақша бөлінді, 75 процент жұмыс орындалып игерілді. 

Тереңсайда құрылыс жүргізуге кез-келгеннің батылы бармайды.Тау-құзы көп.Әсіресе көпір салуға көп уақыт кетеді. 

Эльмира Ахметова, тілші:

- Бұл жол құрылысының ең қиын бөлігі жақында басталады. Ұзындығы 175, ал биіктігі 44 метр болатын көпір салынады. Қиындығы сол, ол тау шатқалдарының арасынан тұрғызылады. Яғни техниканың жетуі, материалдарды тасу оңайға соқпайды.

Мамандардың айтуынша, қаражат жағынан кедергі туындамаса, құрылыс келер жылдың соңында толық аяқталады.Сөйтіп туристік аумаққа апаратын жол 4 шақырымға қысқарады.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов