Атырауда жазғы су құбырларын жүргізу жалғасады

Атырауда жазғы су құбырларын жүргізу биыл да жалғасады.

2022-2023 жылдары қала іргесіндегі елді мекендерді көгалдандыру мақсатында 14 шақырым су құбыры тартылған. Жазғы су құбыры алдымен қала іргесіндегі ауылдық округтер үшін өте қажет.

Тұрғындар бүгінге дейін іргедегі өзен суына қол жеткізе алмай, бау-бақша, тал-теректерін ауызсумен суарып келеді. Биыл Еркінқала ауылдық округінде 13 шақырымға жазғы су құбырын тарту басталады.

Еркінқала ауылдық округіне қарасты Балауса ауылының тұрғыны Асан Тахауовтың ауласында тал-теректер өсіп тұр. Осыдан 4 жыл бұрын егілген жеміс ағаштары өнім бере бастаған. Алайда бау-бақша егуге су тапшы,- дейді тұрғын. 

Асан Тахауов, Балауса ауылының тұрғыны:

- Ауыз сумен суарамыз. Бірақ бізде күндіз судың напоры болмайды, кешкісін суарамыз немесе таңертең ерте суарамыз. Шарбақтың сыртын көріп тұрсыздар, ішке де бау-бақша бәрін егер едік. Жазғы құбыр тартылса біз қуана қосылар едік көршілер болып бәріміз күтудеміз.

Бұл округтің құрамына 4 ауыл кіреді. 3500 үйі бар көшелерде жасыл-желек сирек. Себебі жазғы су құбыры тартылмаған. 2022 жылы Еркінқала ауылында жеке үйлерге жазғы су жүйесін жеткізу жұмысы басталған еді. Бірақ жоба толық аяқталмағандықтан әлі су берілген жоқ.

Мұхтар Құмарғалиев, Еркінқала ауылдық округінің әкімі:

- Осы жұмыстарды 2024 жылы жалғастыратын боламыз. Қазіргі уақытта 13 шақырымы тартылып тұр. Жұмыс жалғасады жобалар жасалынып жатыр. Қалалық әкімшілікке өзіміздің жобамызды ұсынатын боламыз. Жобалау сметалық құжаттамамыз дайын. 

Қала іргесіндегі 8 ауылдық округтің 6-на Жайық өзенінен тікелей су жүйесі жеткізілген болатын. Әкім айтқан жобалық-сметалық құжаттама бекітілсе, Еркінқала округіндегі ауылдарды суландыру үшін ұзындығы 100 шақырымнан асатын жазғы су құбырының құрылысы жалғасады.

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин