Министр: теміржол билеті әзірге қымбаттамайды
Бүгінде Қазақстан темір жолы компаниясының 2,7 трлн теңге қарызы бар. Алайда борышын өтеу үшін билет құнын өсіру жайында мәселе көтеріліп отырған жоқ.
Себебі жолаушы тасымалынан түсетін кіріс көлемі айтарлықтай көп емес. Көлік министрі Марат Қарабаев осылай деді. Компания кірісінің негізгі бөлігі транзиттік тасымалдардан түседі. Десе де, билеттердің қазіргі бағасы теміржол арқылы жолаушылар тасымалына жұмсалатын шығындарды толық өтей алмайды. Мемлекет тарапынан субсидия бөлініп отыр. Егер ондай қолдау шарасы болмаса, билеттердің құны қазіргі бағалардан 3 есе жоғары болушы еді. Тіпті әуе билеттерінен де қымбатқа түсер еді деп түйді министр.
Марат Қарабаев, ҚР көлік министрі:
- Қазіргі кезеңде жолаушылар тасымалы үшін билеттер құнын көтеру мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Былтыр 118 вагон, биыл 140 вагон сатып алынды. Келесі жылы 224 вагон сатып алынады. Соның бәрі өтелу үшін қазіргі билеттердің құны үш есе жоғары болуы тиіс еді. Бірақ біздің мақсатымыз - азаматтарға қолайлы жағдай жасау. Сондықтан мемлекет билет құнын субсидиялап отыр. Ал вагондардың сапасына қатысты мәселе тапшылықпен байланысты.