Шомылуға тыйым салынған жерлерде суға түсетіндер азаймай тұр

Түркістан облысында шомылуға тыйым салынған жерлерде суға түсетіндер азаймай отыр.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құтқарушылар, тәртіп сақшылары мен еріктілер суға түсуге тыйым салынған жағажайларды тексеріп шықты.

Бұл Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылы. Шомылуға тыйым салынса да Қарнақ өзенінің жағасында демалушылардың қарасы қалың. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мен полиция қызметкерлерін көргенде кейбірі киімдерін жинап, кетуге асықса, енді бірі құтқарушылардің өзіне дүрсе қоя берді.

- Неге мына жаққа қағып қоймайсыңдар? Жазуларың ана жақта, мүмкін мен мына жақтан келген шығармын! 

Су лас, табаны балдыр екеніне қарамастан кішкентай балалар да шомылып жүр. Аптап ыстықтан бас сауғалап келген ауыл тұрғындарының көбі мұнда суға түсуге болмайтынын білмедік деп ақталды. 

Умида Қауынбаева, ауыл тұрғыны:

- Мына жерге бала-шағамызбен демалуға келсек, бұл жерде шомылуға болмайды екен. Осында шомылатын орындар ашылса дейміз. Бала-шаға қалай шомылмайды? Осындай жерлерге келсек, шомылсақ деген ойымыз бар.

Түсіндіру жұмысына ерікті жастар да қатысты. Олар демалушыларға жадынамалар таратып, белгіленбеген орында шомылудың қауіпті екенін ескертті. Бұл жұмыстарға жыл басынан бері 580 ерікті тартылған. 

Қуаныш Оразбаев, ерікті:

- Кентау қаласына қарасты ауылдарда шомылу маусымына орай келген тұрғындарға, қонақтарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Байылдыр, Хантағы, Қарнақ, Ащысай ауылдарында болдық түсіндірме жұмыстары бойынша жарнама парақшаларын таратып жатырмыз. 

Өңірде тыйым салынған орындарда суға түсушілер көп,-дейді мамандар. Шомылу маусымы басталғалы бері жүзге жуық азаматқа ескерту жасалса, әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес 2 тұрғынға айыппұл салынған.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Түркістан облысында 27 арнайы суға түсу орны бар. Шомылу маусымы басталғалы бері жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін өңірдегі өзен-көлдердің жағасында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Мәселен өткен жылы әртүрі жағдайларға байланысты 24 адам суға кетсе, биыл жыл басынан бері 17 қайғылы жағдай тіркелген. Оның 13-сі ата-ана қарауынсыз жүрген жасөспірім балалар. 

Сондықтан құтқарушылар тұрғындарды кішкентай балаларды көзден таса қалдырмай, қауіпсіздік талаптары сақталған орындарда ғана суға түсуге шақырды.

Оразкелді Дүйсен, облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:

- Суға түсетін орындар бізде коммуналдық жағажайлардың түбі тазаланып, қоршау қойылады. Құтқарушылар оқытылады, 1 жылға сертификат беріледі. Ол жерді құтқарушы үнемі бақылауда ұстап отырады. Медициналық бекеті болады. Құтқару посттары болады, желеттер болады. Құтқарушылар сол жерде ауысып отырып, қызмет жасайды. 

Ал өзен-көлі жоқ елдімекен тұрғындарын тегін және қауіпсіз шомылуға мүмкіндік жасау мақсатында биыл жергілікті әкімдік кәсіпкерлермен бірлесіп, 26 каркасты бассейн сатып алған. Мамандардың айтуынша, қазір облыста жүзге жуық осындай модульді бассейн халыққа қызмет көрсетеді. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш