Жамбыл облысында 1800-ден аса зорлық-зомбылық дерегі тіркелді

Жамбыл облысында жыл басынан бері 1800-ден аса отбасылық зорлық-зомбылық дерегі тіркелді. Полицейлер жарына қол жұмсаған 200-ден аса адамды тұтқындап, қалғандарын әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды 24KZ.

Мамандардың сөзінше, көбіне күйеуінен жәбір көрген әйелдер шағымданады. Ал барар жер, басар тауы болмаған келіншектер әлеуметтік көмек көрсету орталығына жүгінеді. Орталық 51 орынға арналған. Онда медициналық, психологиялық, құқықтық, тұрмыстық және әлеуметтік еңбек сынды 8 түрлі қызмет көрсетіледі. Мамандар қызмет алушының балаларын балабақшаға, мектеп жасындағы оқушыларды ағарту ошағына орналастырады. Қазір мекемеде 7 әйел мен олардың кәмелет жасына толмаған 22 баласына көмек көрсетіліп жатыр.

Гүлхан Тұрсымбаева, облыстық Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры:

- Анаға тағзым отбасын қолдау орталығының курстарына жазып, соны бітіртіп, қолына мүмкіндігі жететіндей бір мамандық алып беруге жағдай жасаймыз. Көбі жанұяларына қайта қосылып жатады. Ал енді жаңағы неке бұзу орын алған жағдайда ол кісілерді міндетті түрде пәтер кезегіне қоямыз, болмаса жалдамалы пәтерлерге шығып кетіп жатады.