Ақтаулықтар 3 тәулік бойы сусыз отыр
Ақтауда ауызсу тапшы. Каспий жағалауындағы қалада бірнеше шағынаудан үшінші тәулік сусыз отыр, деп хабарлайды 24KZ.
Себебі теңізде су температурасының көтерілуі тұщыту зауытының жұмысына кері әсер еткен. Мамандар ауызсу өндіру көлемі төмендеуіне байланысты бүгіннен бастап су қысымын кесте бойынша реттеуді қолға алды. Бұл 23 ықшамауданды белгілі бір уақыт аралығында тіршілік нәрімен қамтуға мүмкіндік бермек.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Ақтауда бүгіннен бастап 16-шы мөлтекауданнан 39-шы ықшамауданға дейін ауызсу таңғы 6:00 мен 9:00 аралығында және күндізгі 12:00 мен 14:00 аралығында жоғары қысыммен беріледі. «Бұл – тұрғындардың су қорын жинап алуы үшін жасалып отырған уақытша амал», – дейді мамандар.
Қысымын осылайша реттеу орталық сумен жабдықтау торабындағы резервуарларда судың деңгейін ұстап тұруға мүмкіндік бермек. Қазір құбыр бойында судың аздығынан көпқабатты үйлердің жоғары қабатына көтеріле алмайды. Соның салдарынан №19 мөлтекауданда 3 үйдің тұрғындары тіршілік нәрін даладан тасуға мәжбүр.
Дина Боқайқызы, қала тұрғыны:
- Мүлдем жоқ су бізде. Иә, болмаса халыққа «водовоз» жіберсе, енді 3 күн деген ұзақ уақыт қой. Бір жер бұзылған жағдайда күн мен түн жасап, күн жарым уақытта бәрін қалыпқа келтіруі мүмкін деп ойлаймын.
Ауызсу тапшылығы тағы 22 ықшамауданда туындап отыр. Айта кетсек, жылыту маусымы аяқталған сәуірден бері Ақтауда ыстық су жоқ. Себебі қаланың төменгі бөлігінде жылу құбырлары ауыстырылып жатыр. Сондықтан тұрғындар таза суды барлық қажеттілігіне пайдаланады.
Ислам Үсенов, коммуналдық кәсіпорын директорының орынбасары:
- Енді қазіргі уақытта су жинап жатырмыз. Шамамен сағат 19:00-де судың қысымын көтеріп бастаймыз. Қызмет көрсетуші тарапынан 19-шы шағынаудандағы 26, 27, 28-ші үйлерге «водовозды» қойған. Жаңа хабарластым.
Ұлықбек Тінәлиев, қала әкімі:
- Біздегі судың жетіспеушілігі 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында шешілуі керек. Бірақ та осы жылы судың жетіспеушілігін азайту мақсатында қазір осы бір айдың шеңберінде тамызда ашылатын қосымша қондырғыларды тез арада қосуға қажетті мамандарды жұмылдырып, қазір соған жұмыстанып отырмыз. Қазір судың қысымын көтеру үшін қажетті деңгейде судың қорын жинап алуымыз керек.
Ақтау әкімі арнайы брифинг өткізіп, су тапшылығын жоюға қатысты жобаларды түсіндірді. Ұлықбек Тінәлиевтің айтуынша, Каспий су тұшыту зауытын модернизациялау жыл соңында аяқталады. Ал Маэктегі қуаты 6 мың текше метрлік су қондырғысын осы айда іске қосу жоспарда. Сондай-ақ тәулігіне 4 мың текше метр су өндіретін тағы бір қондырғы өз жұмысын бастауы тиіс. Бұдан бөлек, күніне 24 мың текше метр су тұщытатын қондырғысы бар станция 2025 жылы сынақтан өткізілмек. Осылайша, өзекті мәселе түбегейлі шешілуі тиіс.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.