Ақтөбе облысында жылқы шаруашылығы институты құрылады
Қазақстанда 4 млн-нан астам жылқы болса, оның 1,5%-і ғана асылтұқымды, деп хабарлайды 24kz.
Мамандар жылқының сыны кетіп барады деп алаңдайды.
Енді Ақтөбе ауылшаруашылық тәжірибе станциясында жылқы шаруашылығы институты құрылады. Онда ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Ғалымдар жем-шөптің де құрамын зерттемек.
Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
- Серік Қаржауов қамбар ата тұқымын қалай баптау керегін жақсы біледі. 12 жыл бойы жылқы бағып жүрген азаматтың жылқышыға айтар кеңесі көп. «Бастысы, үйірдегі малдың бір тектес болғаны дұрыс», дейді. Сонда ғана жергілікті жерге тез бейімделіп, төзімділік қасиеті қалыптасатынын байқаған. Өзі мұғалжар жылқысының басын көбейткен. Бүгінде 600-ден асыпты.
Серік Қаржауов, жылқышы:
- Оңтүстіктен тек Тараздан келген жоқ, қалған жан-жақтан келіп алып жатыр. Сол жылына 200 бастай жылқы сатамыз. Бұның мықтылығы – өзінің қанының тазалығы. Кез келген климатқа бейімделген жылқы. Қымыздың сапасы да жақсы.
Қамбар ата түлігіне қатысты барлық мәселе енді жылқы шаруашылығы институтында қаралады. Ең бастысы, жылқының әр түрінің араласуынан таза тұқымның бұзылуына тоқтау қойып, сапасын арттыру көзделіп отыр. Себебі, елдегі төрт миллионнан астамның жылқының тек 1,5%-і ғана асыл тұқымды екен.
Әлібек Базарғалиев, Ақтөбе ауылшаруашылық тәжірибе станциясының басшысы:
- Біздің мақсатымыз – бүкіл қазақ даласындағы біздің ғалымдарымызды бір жерге шоғырландырып, осы жерден мысалыға Абай облысында бар, не болмаса Павлодарда бестау деген тип бар, селекті деген тип бар, Қарағандыда қожамберді типі бар, батысымыздағы көшім, мұғалжар және адай. Іргеміздегі Қостанайда Қостанай жылқысы бар. Оны сол жерге барып, ғалымдарымыз зерттейді.
Қалыбек Рзабаев, Өнімді және әмбебап бағытындағы жылқы тұқымдары республикалық палатасының директоры:
- Бізде бұл жерде ДНК лаборатория болу керек. Және де біздің жылқылардың еттілігінің сапасын, құрамын тексеруіміз керек. сүт-қымызының құрамын тексеруіміз керек.
Институт мамандары жем-шөп және тұқым шаруашылығына да баса мән бермек. Ал, бұған дейін ақтөбелік ғалымдардың шығарған 50-ден астам тұқым сұрпының 20-сы ел бойынша осы саладағы зор жетістік саналады. Әрі барлығы да егінмен айналысатын өңірлерде өсіріледі.
Владимир Цыганков, Ақтөбе ауылшаруашылық тәжірибе станциясының бөлім меңгерушісі:
- Біз осы құрылатын институт жанынан тұқым селекциялық орталығын жасақтауды ұсындық. Сонда ол малды асылдандырумен айналысатын бөлім секілді маңызға ие болады. Сонда мекеме зерттеу және дамытуды жолға қойған үлкен орталыққа айналады.
Жылқы және жем-шөп ғылыми-зерттеу институтының құрылуы ғалымдар үшін оң өзгеріс болады деген үміт бар. «Бастысы, жас ғалымдардың бастамасына жол ашылады», - дейді мамандар.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков