24KZ тілшісі жедел жәрдемнің бір күнгі қауырт қызметін көріп қайтты

Осы аптаның жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні. Басы ауырып, балтыры сыздаған бұқараны емдеп, науқастардың жанына араша болып жүрген ақ халаттыларға алғыс жауатын күн.

Тірлігі қауырт, жауапкершілігі көп жұмыста қажымай жүрген дәрігерлердің бір күнгі жұмысын тілшіміз Шернияз Жалғасбекұлы көріп келген еді.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Қаздай тізілген көліктер. Ауруы жанына батып, ақ халаттылардан жәрдем сұраған қалың қарашаға аттануға тастүйін дайын. Қазір біз көлік гаражындамыз. Көріп тұрғандарыңыздай, мұнда жүргізушілері көліктің техникалық жағдайын тексеруде. Қазір қасымда жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Серікжан Арыстанұлы тұр. Айтыңызшы, көлік бүгінгі қызметке дайын ба екен?

Серікжан Арыстанұлы, жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі:

- Әрине, дайын. Линияға шыққан кезде майын тексеріп, антифризін тексеріп, машинаның жағдайын тексеріп барып бір-ақ линияға шығамыз.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Қазір Астана көшелерінде қалың кептеліс. Мұнда ауруы жанына батқан халыққа жету оңай бола ма?

Серікжан Арыстанұлы, жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі:

- СГУ қосамыз. Сол кезде уақыт бойынша баруға тырысамыз. Әрине, біреу жібереді, жібермейтін шопырлар да бар.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Яғни, сіздер қызметтік дабыл қосып жүрген кезде халық сіздерге жол беруге дағдыланды деуге болады ғой, иә?

Серікжан Арыстанұлы, жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі:

- Болады, иә, әрине

Иә, сын сағатта көлік те, кәсіби маман да сақадай сай тұруы керек.  Сондықтан мұндағы жұмыс күні гараждан басталады.

Собир Наркулов, Астана қалалық ақпараттық шұғыл диспетчерлік бөлімінің меңгерушісі:

- Қазіргі уақытта күнделікті 4000 және 4500 шақыртулар түседі. Бірақ науқастарға барып қаралу 2000-2500-ге жуық. Бригадалар келеді науқастарға, алғашқы көмек көрсетеді. Қалған 2000-2500 шақыртулар олар консультация жөнінде шақыртулар болады. Кейбір кісілер қоңырау шалғанда қай ауруханаға баруымызға болады деген шақыртулар немесе дәрігердің көмегіне жүгінетіндер бар.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Шыр еткен қоңыраудың арғы жағында шырылдаған халық бар. Оны медицина мамандары жақсы біледі. Сол себепті қоңырау қабылдағаннан кейін 1-2 санаттағы науқастарға 10-15 минутта, 3-4 санаттағы көмек сұрағандарға 40-60 минут аралығында жетіп, жәрдем көрсетеді.

Ақерке Сағатбекова, Астана қалалық ақпараттық шұғыл диспетчерлік бөлімінің фельдшер-диспечері:

- Бізге жедел жәрдемге хабарласқанда ашумен айтатындар бар, «неге көп сұрақ қоясыздар?» деп. Бірақ біз сұрақ қою арқылы науқастың қандай халде екенін, ауыр немесе орташа деңгей екенін байқаймыз. Сол бойынша біздегі бөлінетін категориялар бойынша жібереміз. Түсінеміз, барлығы ауырып тұр, жедел келгенін қалайды. Бірақ біз сұрақ қою арқылы ғана науқастың халін біле аламыз.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Ал науқас сіздерге қоңырау шалған уақыттта сөйлеуге мұршасы келмесе қандай шаралар қабылдайсыздар?

Ақерке Сағатбекова, Астана қалалық ақпараттық шұғыл диспетчерлік бөлімінің фельдшер-диспечері:

- Ондай жағдайда біз 102 қызметіне жүгінеміз. Оларға звандап, бізге түскен номерді береміз. Олар номер арқылы науқастың қай жерде екенін анықтап бере алады. Сол арқылы сол мекенжайға жедел жәрдем жібере аламыз.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Иә, дерті жанына батып, жүйкесі жұқарған жұртпен жұмыс істеу оңай емес. Жәрдем беру үшін жедел жиналған топқа ілесіп, біз де мамандықтың қиындығын ұғынуға бірге аттандық. Дәл қазір жедел жәрдем көлігінің ішіндеміз. Өздеріңіз көріп тұрғандай, алғашқы көмек көрсетуге арналған барлық құрал-жабдықтар бар. Дәл осындай 80 көлік бір ауысымда Астана қаласының тұрғындарына көмек көрсетеді. Менің қасымда қазір фельдшер Алтынбек Жанерке ханым отыр. Кішігірім айта кетіңізші, бұл жерде қандай құрылғылар бар?

Жанерке Алтынбек, Астана қалалық жедел жәрдем станциясының фельдшері:

- Біздің жедел жәрдем көлігінде алғашқы көмек көрсетуге арналған барлық құрал-жабдықтар бар. Мәселен, дефлятор, кислород аппараты, кардиограмма сосын сөмкеміз бар. Көліктің ішіне келетін болсақ, жүргізуші, бірінші фельдшер, екінші фельдшер болып жүреміз.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Жаны қысылып, ауруы дендеп бара жатқан ашуға бой алдыратыны да белгілі. Ондай жағдайларда кездесіп жататын шығар сіздерде, агрессия көрсетіп?

Жанерке Алтынбек, Астана қалалық жедел жәрдем станциясының фельдшері:

- Иә, ондай моменттер көп болады. Науқастар өздері ауырып отырғаннан кейін, әрине, агрессивті отырады. Ондай жағдай өте көп.

Межелі жерге жеттік. Міндет – науқасқа көмек қолын созу. Астма аңқасын қысып, дем жетпеген жанды көргенде көзіміз шарасынан шықты. Ал ақхалаттылар жедел қызметке кірісті.

Абырай болғанда, науқас дін аман. Жедел көмек көрсетілді. Дерті жанына тыныштық бергеннен кейін ақ тілегін жаудырды.

Дегенмен, қызметі адал әрі қиын кәсіп иелерінің еңбегін бағаламайтындар да бар. Тіпті доқ көрсетіп, жұдырығын ала жөнелетіндер де жиі кездеседі екен.

Собир Наркулов, Астана қалалық ақпараттық шұғыл диспетчерлік бөлімінің меңгерушісі:

- Өкінішке орай ациенттерден шақырту бригадаларына, фельдшер, дәрігерлерге немесе жүргізушілерге агрессиялық жағдайлар болып тұрады. Мас күйіндегі жағдайлар болады. Шақыртудың кешігуіне байланысты, белгісіз жағдайларға байланысты агрессиялық жағдайлар болады. Осы жылы шамамен осы 2024 жылдан бастап қателеспесем 4-5 сондай жағдай болды.

Ақхалаттылардың әр күнін мереке етіп, оларға құрмет көрсетсек те болар еді. Дегенмен, медицина мамандарының думандатып жүрер уақыты жоқ. Бір күнгі қауырт қызметін көріп осыны түйдік.

Авторлары:Шернияз Жалғасбекұлы, Бағдат Қайыркен