Қатонқарағай ұлттық паркінің аумағында тазарту жұмыстары басталды

Қатонқарағай ұлттық паркінің аумағында санитарлық тазалық жұмыстары басталды, деп хабарлайды 24kz.

Қызметкерлер таулы-қыратты аймақтағы ну орманнан шіріген, қураған бұтақтарды жинап жатыр. Бұл іске 150 маман жұмылдырылды. Бүгінгі күнге дейін жүздеген текше метрден аса бұта шығарылды. Іс-шара аясында қалың жынысты орман арасымен өтетін ондаған шақырым жол да аршылды. Алда-жалда өрт тұтанса, арнайы техниканың өтуіне ешқандай кедергі болмауы тиіс. Жолдарды аршудағы мақсат осы дейді мамандар. Аптап ыстыққа байланысты Ұлттық парк аумағында сақтық шаралары күшейтіліп, тәулік бойғы кезекшілік ұйымдастырылған.

Арнас Ауғамбаев, Қатонқарағай ұлттық паркі директорының орынбасары:

- Бүкіл филиалдар мен орманшылықтар өрт қаупі жоғары кезеңде жұмыс істеуге әзір. Мобильді топтар құрылып, олар үнемі маңайды бақылап жүр. Ұлттық паркте 12 автоцистерна, 8 шағын өрт сөндіру кешені, 15 патрульдік көлік бар.