Мемлекет қорына 89 мың гектар жер қайтарылды
Қостанай облысында жыл басынан бері 89 мың гектар жер мемлекет қорына қайтарылды, деп хабарлайды 24.kz.
Биыл игерілмей жатқан 150 мың гектарды қайтару жоспарда. Былтыр 363 мың гектар алқап мемлекет қорына өткен болатын. Оның бір бөлігін жер иелері өз еріктерімен қайтарса, енді бір бөлігі сот арқылы тәркіленді. «Жер аманаты» жобасы аясында биыл облыста 89 тексеріс жүргізіліп, 52 заңбұзушылық анықталды. Былтырдан бастап өңірде ғарыштан бақылау технологиясы енгізілген. Жер өз мақсатында пайдаланылмаса не бос жатса, бірден нұсқама жіберіледі. Бір жылдың ішінде ол талап орындалмаса, жер телімі мемлекет меншігіне өтеді.
Болат Сұлтанов, «Жер Аманаты» аймақтық комиссиясының хатшысы:
- Қазіргі таңда 89 мың гектар қайтарылып отыр. Негізі жайылымның жетіспеушілігіне көп назар аударамыз. Біздің облысымыздың оңтүстік өңірлерінде осы жайылым жетіспеуі байқалады, әсіресе ауыл маңайында. Халықтың көп арызы сол ауылдың маңайында жайылым жетіспеушілігі жөнінде.