Түркістан облысында тоқтап тұрған әлеуметтік нысандар құрылысы қайта жанданды

Түркістан облысында түрлі себептерге байланысты 4-5 жылдан бері тоқтап тұрған бірнеше әлеуметтік нысанның құрылысы қайта жанданды. Жылдар бойы бітпей тұрған құрылыс нысандарына қаржы бөлінді.

Ордабасы тауында құрылысы аяқталмай қалған үш бидің ескерткіші мен Қажымұқан атындағы спорт кешенінің құрылысы да аяқталуға жақын.

Ордабасы тауы – қазақтың біртұтас ел болып, жұдырықтай жұмылған жері. Сондықтан мұнда осыдан 5 жыл бұрын қазақтың үш биіне арнап, алып ескерткіш орнатылған болатын. Алайда қаржылық қиындықтарға байланысты жұмыс аяқсыз қалды. Бұл ел азаматтарының арқасына аяздай батқаны рас.  

Құрманәлі Жылқыбай, Ордабасы ауданының құрметті азаматы:

- Біздің жас ұрпағымызды, келешегімізді, бүгінгі біздің қоғамның азаматтарын ынтымаққа, бірлікке баулуда, тарихымызды терең білуде бұл жердің маңызы ерекше болмақ. Біраз уақыт болды үш бидің ескерткіші жасалғанына, алдағы уақытта құрылысы бітеді ғой деген ойдамыз.

Бұдан бөлек, Ордабасы ауданында тағы бір маңызды нысанның құрылысы бітпей тұр. Ол - күш атасы Қажымұқанның спорт кешені. Жергілікті ақсақалдар мен спорт жанашырлары және мәслихат депутаттары бұл мәселені бірнеше мәрте көтерді. Соның нәтижесінде өткен жылы Ұлттық экономика министрлігі жобаға қаржы бөлді.

Әділхан Дүйсенбек, Қажымұқан ауылының тұрғыны:

- Осы құрылыстың басталғанына ауыл тұрғындары қуанып жатыр. Өзіміздің Ордабасы ауданынан да Қажымұқан бабамыздың әруағы қолдап, халықаралық дәрежедегі, республикалық дәрежедегі спортшылар шығады деген үміттеміз.

«Бұл нысандарға қаржы бөлдіріп, құрылысының қайта жандануына облыстық мәслихат дептутаты Ғани Райымбековтің еңбегі ерен», - дейді аудан тұрғындары. Ал ұлтжанды азаматтың өзі 1 жылда 16 депутаттық сауал жолдап, барлығы да оң шешімін тапқанын айтады. «Ең қуантарлығы елеусіз қалған үш бидің ескерткішінің құрылысы қайта жанданатын болды», - дейді.                

Ғани Райымбеков, облыстық мәслихат депутаты:

- Былтырдан бері депутаттық сауал жолдап, облысқа, мәжіліс депутаттарына ұсындық. Кеше облыс басшысы өзі уәде беріп, қазір ақша бөліну үстінде. Келесі жылы бұл нысан ел игілігіне беріледі, туризм дамиды деген ойдамыз. Одан бөлек тоғыз жолдың торабында Қажымұқан бабамыздың мазарының қасынан өзінің музейі, қонақ үйі және спорт кешенін салынып жатыр.

«Өңірдегі кәсіпкерлікті дамытпай көсегеміз көгермейді. Көптеген облыстардың 30 жылдан бері республикалық бюджетке қол жайып, әлі күнге дотацияда отыруының сыры осында»,- дейді халық қалаулылары. Сондықтан олар шағын және орта бизнесті дамыту арқылы өңірді өркендетуге болады деп есептейді. Себебі ауылдық, аудандық жердегі көптеген әлеуметтік мәселені шешуге жергілікті бюджеттің шамасы жетпейтінін айтады.

Нұралы Әбішов, облыстық мәслихат төрағасы:

- Әлі союздың кезінде қалып кеткен жолдар мен лотоктар бар. Жол салып бер дейді, ол ауданның балансында. Облыстық мәслихат депутаты ретінде оған ақша бөлдіре алмаймыз, аудан ақша жоқ дейді. Сол үшін әр аудан, әр облыс өзінің бюджетін көтеруі керек. Ол үшін не істеу керек? Кәсіпкерлікті көбейтіп, олардан салық түсіріп, өзіміздің ақшамызды өзіміз табуымыз керек. Сондықтан тұрғындар мемлекеттің кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған шараларын тиімді пайдаланып, кәсібін ашуға асығуы тиіс.

Жалпы өңірлік мәслихатта 46 депутат бар. Олар 1 жылда 8 сессия өткізіп, түрлі салаларға қатысты 115 шешім қабылдаған. Ал биылғы жылғы 4 айда мәслихатқа 7 мыңға жуық арыз-шағым түсіп, соның 3600-ден астамы шешімін тапқан. Биыл елімізде мәслихаттар институтының құрылғанына 30 жыл толды. Халықтың қамын жеп, елдің үдесінен шығу бүгінгі депутаттардың басты міндеті. 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш