Елімізде соттағы заңбұзушылықтарды тексеру тетігі өзгереді

Сот ісін қарау кезінде өрескел заңбұзушылықтарды тексерудің жаңа тетігі енгізіледі, деп хабарлайды 24kz.

Енді әрбір факт бойынша судьяға қатысты тәртіптік іс материалдары жіті тексеріледі. Бүгін Парламент сот жүйесі туралы Конституциялық заңға енгізілетін түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Палаталардың бірлескен отырысында депутаттар шалғай жерде орналасқан соттардағы бос лауазымдарды Сот төрелігі академиясын аяқтаған адамдармен толтыруды ұсынды. Сондай-ақ «заңдылықты өрескел бұзу» ұғымын нақтылап, отставкадағы судьяның Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның құрамында мүше болуы талқыланды. Конституциялық заң жобасымен жұмыс істеу үшін Парламент депутаттары бірлескен комиссия құрды. Оған Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашева жетекшілік етеді.

Снежанна Имашева, ҚР парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Заңнамалық өзгерістерде судьялар корпусының кәсібилігін және олардың тәуелсіздігін, сот төрелігін іске асыру сапасын арттыруға, судьялар корпусын жаңартуға, отставкадағы судьялардың материалдық кепілдіктерін жақсартуға, тәртіптік іс жүргізуде судьялар құқықтарының кепілдіктерін бекітуге бағытталған түзетулер көзделген.