Елімізде кассациялық сот құрылады

Еліміздің сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы конституциялық заңға өзгерістер енгізіледі, деп хабарлайды 24kz.

Құжатты бүгін Парламенттің қос палатасы талқылап, бірінші оқылымда мақұлдады. Онда сот төрелігінің атқарылу сапасын, судьялар корпусының кәсіби біліктілігін, олардың жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттыруға бағытталған тетіктер қарастырылды. Сот жюриінің жұмысы жетілдіріледі. Судья тарапынан болған заңбұзушылық фактілері бойынша барлық материал Сот жюриіне жіберіледі. Судьяның кәсіби қызметін бағалау қазіргідей 1 жыл емес, алғашқы 3 жыл еңбегінің нәтижесі бойынша жүргізіледі. Сондай-ақ қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша кассациялық сот құрылады. Бұл норма қалалық немесе аудандық сот шешіміне риза болмаған тараптарға апелляциядан кейін кассациялық сотқа жүгінуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ конституциялық заң жобасымен жұмыс істеу үшін Парламент депутаттарының бірлескен комиссиясы құрылды.

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазіргі практика қалай қалыптасып отыр, бір ғана судья отырады, тараптарды шақырмайды, сосын жарты бет қаулы шығарады да, кассациялық алқаға беруге негіз жоқ деп қайтарып тастайды. Енді өзара тілде «предбанник» дейтін едік, соны алып тастап отырмыз. Яғни, азаматтар, адвокаттар, заңгерлер қауымы үшін өте жағымды жаңалық болғалы тұр. Осы кассациялық сот құрылады, тараптар келіп өзінің негіздерін айта алады. Қандай да болмасын өңірдегі, облыстардағы соттардың шығарған шешімінің заңдылығын жоғары деңгейде қайта қарастыруға мүмкіндік туады.

Сондай-ақ Сот төрелігі академиясының түлектерін Жоғары сот кеңесінің ұсынысымен маман тапшы аудандардағы судья лауазымына тікелей тағайындау тәртібі енгізілді. Бұл шара өңірлерді қажетті маман санымен қамтуға көмектеседі. Бүгінде ел бойынша 350-ден астам судья жетіспейді. Әсіресе, шалғай аудандарда мәселе өзекті. Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай ауданында үш жылдан бері судья жоқ, себебі, онда мамандардың баруға құлқы болмай отыр.

Айта кетерлігі, судьяларды конкурссыз тағайындау тәжірибесі Германия, Испания, Франция, Түркия секілді бірқатар дамыған мемлекетте қолданылады.

Денис Шипп, ҚР Жоғары сот кеңесінің төрағасы:

- Судья лауазымына бос орындар саны жыл сайын 20-30 бірлікке өсіп келеді. Бұл көбіне шалғай елді мекендерде байқалады, Тарбағатай ауданын бүгін мысал ретінде айтып өттік. Урбанизация үрлісі бүкіл әлемге тән, сондықтан мамандардың барлығы ірі қалаларға баруға талпынады. Ұсынылған түзетуге сай, егер қандай да бір ауданда бос орынға байқау жарияланып, ешкім бармауына байланысты ол өтпеді деп танылған жағдайда, тікелей тағайындау жүйесі қолданылады.