Туризм саласындағы түйткіл
Қызмет көрсету сапасының төмендігі, тиісті инфрақұрылымның жоқтығы...
Осы мәселелер отандық туризмді тұралатып тұр. Бұған қоса ел ішіндегі демалыс орындарына сапарлап барудың өзі бір мұң. Өйткені жолдардың сапасы нашар, темір жолға билет жоқ, әуе билеттерінің бағасы аспандап тұр. Әуре-сарсаңға түскісі келмейтін турист сол себепті шетелдік саяхатты таңдайді. Саланың серпін ала алмауына осы жайттар себеп. Сарапшылар пікірін тілшіміз тыңдап көрді.
Туризм саласында түйткіл көп. Ондағы кемшін тұстарды Президент саланы дамыту жөніндегі кеңесте жіпке тізіп шықты. Сарапшылар туризмді тұралатып тұрған басты мәселе - тиісті инфрақұрылымның жоқтығы дейді. Логистиканың нашарлығы да саланың дамуына қолбайлау болып отыр.
Алмас Маратұлы, туристік компания директоры:
- Негізі туризм Астанада отырып шешетін мәселе емес, туризм ол аймақтарда жүзеге асады. Өйткені бізде туристік дистанациялардың барлығы аймақтарда орналасқан. Кеше кондиционер жоқ деп айтты, тіпті терезесі ашылмайтын поездар болады, тіпті плацкартқа отыру мүмкін емес, Алакөлге, Алматыдан Қостанайға баратын поездың жағдайын көрсеңіздер сіздер.
Туризм әлем бойынша ең табысты салалардың бірі. Қызмет көрсетудегі әлемдік экспорттың 30 пайызы, инвестицияның 7 пайызы және салық түсімдерінің 5 пайызы туризмге тиесілі. Ал біздің елімізде жарты миллионға жуық адам осы салада еңбек етіп, нәпақасын тауып жүр.
Ернұр Кенжебеков, «KAZAKH TOURISM» Ұлттық компаниясы АҚ өкілі:
- Елімізде туристік салада 500 мыңға жуық адам жұмыс жасайды. Ал елімізде ішкі туризм бойынша 9,5 млн адам турист был саяхаттаған. Сыртқы туризм бойынша шекарадан 8-9 млн адам өтсе, оның 1 млн-ы орналасу орындарында тоқтаған. Ол дегеніміз қонақүйлер, демалыс базалары, басқа да орындар. Жалпы соның нәтижесінде 120 млрд теңгеден асқат қаржы тапқан.
Қазақ жері көрікті өлкелерден кенде емес. Алайда істің көзін тауып, одан табыс таба алмай отырғанымыз өкінішті. Мәселен, соңғы төрт жылда экономика құрылымындағы туризмнің үлесі 3,7 пайыздан 3,2 пайызға дейін азайып кетті. Бұл әлемдегі орташа көрсеткіштен үш есе төмен.
Алмас Маратұлы, туристік компания директоры:
- Кеше Президент айтты ғой, турист ол қону керек, ал бізде бір күнге командировкаға келіп кеткен адамға ұқсайды. Сондықтан бізде активнер аз, белгілі бір жерге алып барайын десең, мысалы Көлсай болуы мүмкін, бірақ ол Көлсайдың жанында инфраструктура жоқ. Көбіне бізде бір екі күндік тур. Ал одан сол аймақ ақша таппайды, не қонақүйлер ақша таппайды.
Туризм индустриясы комитетінің мәліметінше биыл отандық туризмді дамытуға 433 миллиард теңге бөлінді. Осы бағытта 297 инвестициялық жоба іске асырылады. Сондай-ақ 3200-ден аса тұрақты, 4,5 мыңға жуық уақытша жұмыс орнын құру көзделген. Комитет төрағасының айтуынша, курорттық аймақтарды дамытуға, инфрақұрылымдық жобалардың орындалуын баса мән берілмек.
Нұртас Кәріпбаев, ҚР Туризм және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің төрағасы:
- Туризмнің дамуы үшін цифрлық технологиялардың рөлі маңызды. Бұл ретте Мемлекет басшысы бұл жұмысты ширатып, оған әлемнің түкпір-түкпірінен шетелдік IT-мамандарды, яғни «цифрлық көшпенділерді» тарту ісіне айрықша мән беру қажет деді. Бұл бағытта қолға алынған алғашқы жобалар да баршылық.
Ернұр Кенжебеков, «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы АҚ өкілі:
- Шетелдік туристерге келу кезінде Е-Қонақ деген жүйені ойлап нарыққа шығардық. Оның аясында шетелдік туристер миграциялық қызметтерде уақыт жоғалтпайды, бұрын 1-2 күн жоғалтатын болса, қазір 1-2 минутта паспорт беруде ол міндеттерден арылады.
Туризмді дамытуғмен қатар, қоғамда экологиялық мәдениетті де қалыптастыру керек дейді мамандар. Өкінішке орай, өзен-көлдің жағасын, орман ішін қоқысқа толтыратындар әлі де азаймай тұр. Сондықтан бұл да өткір мәселенің қатарында.
Қуандық Танабас