Олжас Бектенов Тасөткел су қоймасын жаңарту жұмыстарымен танысты
Премьер-Министр Олжас Бектенов Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барып, Тасөткел су қоймасын жаңғырту жұмыстарымен танысты.
Бұдан кейін ауыл шаруашылығында қолданылып жатқан су үнемдеу технологиясын көрді. Үкімет басшысы аймақ үшін маңызды құрылыс жұмыстарының жай-күйін тексерді. Тасөткел су қоймасы Шу және Мойынқұм аудандарының 35 мың гектардай суармалы жерін сумен қамтамасыз етеді. Осы жерден Мойынқұм, Сарысу аудандарына және Түркістан облысындағы Созаққа экологиялық су жіберіледі. Олжас Бектенов облыс әкімдігіне Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп, сынақ жұмысын жүргізу мәселесін пысықтауды тапсырды. Су деңгейін жобалық көлемге жеткізу керек екенін айтты.
Данияр Анарбеков, "Тасөткел" су қоймасының учаске басшысы:
- Қазіргі таңда су қоймамыз 90% суға толып тұр. Мұндағы сумен біз Шу және Мойынқұм аудандарын қамтамасыз етеміз. Қазіргі таңда бізде реконструкция жұмыстары жүріп жатыр. Сейсмикалық тұрақтандырудың екінші кезеңі мен апатты суқашыртқының құрылысы аяқталып қалды, сондай-ақ дренажды каналдарымыз реконструкциядан өткізілді.
Қайрат Көшенов, Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Жамбыл облысы бойынша 2024 жылдың басынан бастап, а/ш өнімі 62,1 млрд теңгеге жетті. Былтырғы көрсеткішке қарағанда 2,9 пайызға өсім байқалады. Ең басты өсімді көрсетіп отырған ол мал шаруашылығы.