Сот жүйесі туралы Конституциялық заңға өзгеріс енгізіледі

Еліміздің сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы Конституциялық заңға өзгерістер енгізіледі.

Құжатты бүгін Парламенттің қос палатасы талқылап, бірінші оқылымда мақұлдады. Онда сот төрелігінің атқарылу сапасын, судьялар корпусының кәсіби біліктілігін, олардың жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттыруға бағытталған тетіктер қарастырылған. Сот жюриінің жұмысы жетілдіріледі. Судья тарапынан болған заң бұзушылық жөніндегі барлық материалдар тікелей Сот жюриіне жіберіледі.

Жаңадан тағайындалған судьялардың кәсіби қызметін бағалау қазіргідей 1 жыл емес, алғашқы 3 жыл еңбегінің нәтижесі бойынша жүргізіледі. Сондай-ақ қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша дербес кассациялық сот құрылады. Оған қалалық немесе аудандық сот шешімімен келіспеген тараптар шағымдана алады. 

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазіргі практика қалай қалыптасып отыр, бір ғана судья отырады, тараптарды шақырмайды сосын жарты бет қаулы шығарады да, кассациялық алқаға беруге негіз жоқ деп қайтарып тастайды. Енді өзара тілде предбанник дейтін едік соны алып тастап отырмыз. Яғни азаматтар, адвокаттар, заңгерлер қауымы үшін өте жағымды жаңалық болғалы тұр. Осы кассациялық сот құрылады, тараптар келіп өзінің негіздерін айта алады. Қандай да болмасын өңірдегі, облыстардағы соттардың шығарған шешімінің заңдылығын жоғары деңгейде қайта қарастыруға мүмкіндік туады. 

Нұрлан Бекназаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бізде даулардың кейбір қорытындылары бойынша әртүрлі сатыдағы соттың шешімдері бетпейтін дауларға барады. ол бірінші сатыдағы бір ғана судьяның қатесінен болып жатады. сот жюриі менен жоғары тұратын сот төрелігі сапасы жөніндегі комиссияның жұмысы, судьяға деген талаптары ашықтандырылып, керекмемес талаптары алынып тасталып, негізгі талаптары күшейтіліп, судьяның біліктілігін бағалау мәселесіндегі жаңа форматта жұмыс атқаратын болады.

Сот төрелігі академиясының түлектерін Жоғары сот кеңесінің ұсынысымен маман тапшы аудандардағы судья лауазымына тікелей тағайындау тәртібі енгізіледі. Бұл шара өңірлерді қажетті мамандармен қамтуға ықпал етеді. Бүгінде ел бойынша 350-ден астам судья жетіспейді. Әсіресе шалғай аудандарда тапшылық сезіледі. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай ауданында үш жылдан бері судья жоқ. Себебі мамандар алыстағы елдімекенге барғысы келмейді. Айта кетерлігі, судьяларды конкурссыз тағайындау тәжірибесі Германия, Испания, Франция, Түркия секілді бірқатар мемлекетте қолданылады. 

Денис Шипп, ҚР Жоғары Сот кеңесінің төрағасы:

- Судья лауазымына бос орындар саны жыл сайын 20-30 бірлікке өсіп келеді. Бұл көбіне, шалғай елді мекендерде байқалады, Тарбағатай ауданын бүгін мысал ретінде айтып өттік. Урбанизация үрлісі бүкіл әлемге тән, сондықтан мамаандардың барлығы ірі қалаларға баруға талпынады. Ұсынылған түзетуге сай, егер қандай да бір ауданда бос орынға байқау жарияланып, ешкім бармауына байланысты ол өтпеді деп танылған жағдайда, тікелей тағайындау жүйесі қолданылады. 

Конституциялық заң жобасын талқылау барысында депутататтар бірқатар ұсыныс жасады. Сондықтан құжатты әрі қарай жетілдіру қажет. Сосын екінші оқылымда қаралады. Ол үшін Парламент палаталарының бірлескен комиссиясы құрылып, құрамы бекітілді.

Рухани Асқар, Руслан Әлиев