Көрерменнің телеарналарға сенімі мол

Елімізде күн сайын теледидарды 3 миллион 600 мыңға жуық адам тамашалайды.

Орташа есеппен алғанда әрбір ел тұрғыны тәулігіне  үш сағат теледидар қарайды. Әлемдік статистика бойынша бұл үлкен көрсеткіш саналады. Бұл туралы Алматыда өткен «Телевизия және жарнама нарығының өзекті мәселелері мен даму жолдары» атты конференцияда айтылды. Ұлттық медиа қауымдастығы ұйымдастырған конференцияға телеарна басшылары, жарнама агенттіктерінің және ірі компаниялардың жетекшілері қатысты.

Медиа конференция жыл сайын жаңа тақырыптарды көтереді. Бұл жолы еліміздегі телеарналарды трансформациялау тәсілдері, дамыту тәжірибелері мен жарнама жасау ерекшеліктері егжей-тегжейлі айтылды. Ұлттық медиа қауымдастықтың төрағасы Кемелбек Ойшыбаев телевизия нарығындағы өткен жылғы жетістіктер мен аудиторияны қамту статистикасын келтірді. Телевизия нарығын дамытудың бизнес нұсқалары  зерделенді. Мысалы, мемлекеттік телеарналар бағдарлама жасаудың дәстүрлі қалпынан шығып, стримингтік жүйесін қолдануына болады.  

Кемелбек Ойшыбаев, ұлттық медиа қауымдастығының жетекшісі:

«Телеарналар ең сенімді ақпарат көздерінің бірі саналады. Салыстырған кезде соңғы мәліметтер бойынша  50 пайыз көрермен телевидение қарайтын көреремен, телеарна ақпаратына сенеді. Ал интернетті қарайтын болсақ екі есе аз, 20-25 пайыз сенім білдіреді интернеттің ақпараттарына. Дегенмен, енді телевидение ең басты сенімді ақпарат болып қала бергенімен біздер ол жағын қалай арттырамыз деген сұрақтарды да көтеріп жатырмыз».

Басқосуда Қазақстанның «Масс-медиа туралы» жаңа заңының өзекті тұстары таныстырылды. Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Қанат Ысқақовтың сөзінше, енді тарихи әрі ғылыми жобаларды қаржыландыру грант есебінен жүргізілмек. Қаржыландыру мерзімі 3-4 жылға жоспарланып, бекітілмек. Сонда сапасыз өнім саны азаяды.

Қанат Ысқақов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары:

«Қазіргі заң бойынша барлық мемлекеттің қаржысына жасалған өнім ол жеке-меншік арналардың меншігінде қалады. Оны сатады ма, алмастырады ма, я болмаса басқа кісілермен каналдармен бірлесіп өзгертіледі ме олар барлық жеке меншік каналдың назарында болады. Өздерінің құқықтары болады».

Былтыр еліміздегі дижитал жарнаманың көлемі 45% жетіпті. Бұл телеарнадағы жарнамадан 10 пайызға артық. Қазақстан медиа нарығында сапалы жарнама жасау жағы әлі тиісті дәрежеде емес. Дегенмен, телефонға телмірген аудитория ғаламтор арқылы телевизиялық бағдарламаларды жиі көреді екен. Сондықтан медиа сарапшылар сапалы контент жасауда әрдайым шынайы ақпаратқа сүйену керектігін тағы да бір еске салды.

А.Садуақас, К.Амраев