Мұрат Әуезов – еліне ерен еңбегі сіңген ғалым
Мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, шығыстанушы Мұрат Әуезов 82 жасқа қараған шағында жарық әлеммен қош айтысты.
Ол – белгілі қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовтің бел баласы. Заңғар жазушының өмірлік өнегесін жалғастырған асыл ұл туған халқының тарихын түгендеп, мәдени құндылықтарын дәріптеуде көп еңбек етті. Мұрат Мұхтарұлы – қоғамдық-саяси өмірге де белсене араласқан қайраткер.
Мұрат Әуезов – белгілі мәдениет әрі шығыстанушы ғалым. Мәскеу мемлекеттік университетінің Шығыс тілдері институтын филолог-шығыстанушы мамандығы бойынша бітірген. Кейін әдебиет теориясы бойынша филология ғылымдарының кандидаты атанды. 1981 жылы «Қазақфильм» киностудиясында 6 жыл бойы бас редактор болып, бұл қызметті абыроймен атқарған. «Мұрат Мұхтарұлы – елдің дамуына ересен еңбек сіңірген ғалым, халқының асыл текті перзенті», – дейді замандастары.
Нұрлан Оразалин, жазушы:
- Мұрат Мұхтарұлы саясатта да, ғылымда да өнерде де, әдебиетте де, жалпы мәдениет дейтін үлкен кеңістікте ешқашан дәйексіз пікір айтпайтын еді. Өзінің терең жинаған білімімен қарулана отырып, қазақ халқыныңы көп ғасырлық тарихтағы ұлы тұлғаларды, солардың сонар соны қырларын аша отырып, бізге бүгінгі ұрпаққа жеткізу жөнінде ересен жұмыс атқарған қайталанбайтын қазақтың кең жүректі, кемел мінезді ұлдарының бірі болып өмірден өтіп бара жатыр.
Мұрат Әуезов қоғамдық-саяси өмірге белсене араласты. Жас кезінде Мәскеуде оқитын қазақ жастарының қазақ мәдениетін дамытуға бағытталған «Жас тұлпар» мәдени-ағарту ұйымына кірді, кейін «Невада – Семей» антиядролық қозғалысының вице-президенті болды. Ол – Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы тұңғыш елшісі болған білікті дипломат.
Мұрат Жұрынов, ҚР ҰҒА академигі:
- Осы екі елдің арасында жақсы достық қатынас орнатты бірінші болып. Оның Қытайдағы беделі үлкен болды. Өйткені ол қытай тілін толық меңгерген жақсы, өте талантты маман болды. Мұраттың қазақ халқының беделін көтеріп, атын шығаруға істеген еңбегі зор. Сондықтан оның жарқын бейнесі істеген істері біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.
Кенжехан Матыжанов, филология ғылымдарының докторы:
- Қазақ мәдениетін, жалпы әлемдік мәдениетті өте жетік білетін. Шығыс мәдениетін де өте жетік білетін. Ой-өрісі кең, кез келген дүниеге алыстан қарай алатын, соның арғы тегін біле алатын, ұлтшыл қайраткер болды.
Мұрат Әуезовтің артында құнды зерттеу еңбектері қалды. 200-ден астам ғылыми-зерттеу әрі публицистикалық мақала жазды. Сондай-ақ «Уақыт байланыстырушы – жіп», «Иппокрена. Уақыт құдықтарына бару», «Қайту үшін кету» сияқты кітаптардың авторы.
Авторлары: А. Садуақас, М.Құдықбаев.