Қарағандыда жеке үйлер жаппай газға көшіп жатыр

Қарағандыда 20 мың үй пеш жағады, деп хабарлайды 24KZ.

Арқаның 6 ай қысында тонналап жағылатын көмірден қаланың экологиялық жағдайы мәз емес. Тығырықтан шығар жол – тек көгілдір отынға көшу. Қаланы газдандыру жобасы қалай жүріп жатыр? Биылғы жоспар қандай?

Әбікен Көшкінов осы үйде 15 жыл бойы тұрады. Арқаның 6 ай қысында пеш жағып, күл шығарумен әлек болады. Оның үстіне маңайды түгел қара күйе басады екен. Тонналап жағылатын көмірдің де бағасы жыл өткен сайын шарықтап барады.    

Әбікен Көшкінов, қала тұрғыны:

- Мынау 110 шаршы үйге маған 7 тонна көмір кетеді. Қарағанды көмірдің үстінде отырсақ та, тоннасын 22 мыңнан аламыз. Бағада емес мәселе, тазалықта болып тұр енді. Газбен ол кішкене қымбат шықса да, біз оған көнеміз.

Көгілдір отынға көшу қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға септігін тигізеді. Жеке үйлерге газ тарту жұмыстары 4 жыл бұрын басталған. Осы уақыт аралығында 6 мыңдай үйдің ауласына құбыр жеткізілген. Биыл да 2 мыңдай үйге газ тарту жоспарланған. Көгілдір отын тартып, пештен арылуды мақсат еткендер алдымен газбен жабдықтаушы мекемеден техникалық шарт алуы тиіс.

Амандық Тәңірбергенов, газбен жабдықтаушы компания басшысының орынбасары:

- Ол «техусловия» алу бізде өте тегін. Кез келген қарапайым абонент, кімнің үйінің алдында газ құбыры бар, тегін техникалық шарт алады. Ол үшін арыз жазады, жер актісін көрсетеді, өзінің жеке куәлігін көрсетеді.

Газды үйіне әркім өзі тартқызады. Баспананың шаршы метріне байланысты оның да шығыны әрқилы. Ең аз дегенде 600 мың теңгеден басталады. Әлеуметтік осал топтарға жататындарға мемлекет қолдау көрсетеді. 369 мың теңге көлемінде бірреттік әлеуметтік көмек береді.

Лариса Харитонович, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Әлдеуметтік төлемге өтініш тапсырған жандардың атында ел көлемінде тек жалғыз баспана болуы тиіс. Онда тұратын немесе уақытша тіркелген барлық адам көрсетілуі міндетті. Отбасының шығыны, газ тарту кезінде түскен қаржылай салмақ түгел өтініш құжатына жазылуы қажет.

Үйге газ тарту шығынын модернизациялау орталығы арқылы бөліп төлеу жеңілдігі қарастырылған. Ал көгілдір отын тарифі қызмет көрсетуші оператордың шығынына қарай айқындалады. Оған газды тасымалдау, тарату жұмыстары және жабдықтау қызметін көрсететін жұмысшылардың жалақысы кіреді. Қазір қалада газдың әр текше метрі 38 теңге тұрады.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.