Астанада құрбандық шалуға арналған орындар бекітілді
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ақпаратына сәйкес Астана мешіттерінде 16 маусым күні, яғни ертең таңғы 6-да Айт намазы оқылады.
Осыған байланысты қалада құрбандық шалу орындары анықталып, бекітілді. Қасиетті мереке қарсаңында елорда базарларында санитарлық талаптың сақталуы тексеріліп жатыр.
Төрт түліктің және мал сою орындарының иелері Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылғы 27 сәуірдегі бұйрығымен бекітілген ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтауы керек.
Сұлтанбейбарыс Басир, қалалық дін істері жөніндегі басқармасы өкілі:
- Биыл Құрбан Айт 16-18 маусым күндеріне келіп тұр. Астана қаласы дін істер жөніндегі басқармасымен Астана қаласында Құрбан Айт мерекесіне орай құрбан шалу орындары бекітілген болатын. Барлығы 5 орын бекітілді, 4 орын Байқоңыр ауданында, 1 орын Алматы ауданында.
Құрбандық шалу есепке алу номерлері бар бекеттерде, ет өңдеу кәсіпорындарында немесе арнайы сою алаңдарында жүргізілуі тиіс. Астанада бекітілген орындар таңғы 8-ден бастап кешкі 6-ға дейін ашық болады.
БАЗАРЛАР МЕКЕНЖАЙЫ
«Шанхай» «Алаш» тасжолы, 27/2
«Баракат» А-369 көшесі, 10
«Жайлау» С-754 көшесі, 1
«Шолпан-ата» «Алаш» тасжолы, 27/2
«Темір жол» ТМ Ақжар көшесі, 20
Жақында мамандар ветеринариялық-санитариялық талаптардың сақталуын талқылау үшін құрбандық шалу нысандарының иелерімен кездесті. 2-ші санаттағы рұқсат құжаттары жоқ жерлерде мал союға тыйым салынды.
Бауыржан Қартаев, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің инспекторы:
- Белгіленбеген орындарда құрбандық шалғандар 10-20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі. Сондай-ақ сойылатын малдың ветеринариялық анықтамасы болуы шарт.
Құрбандыққа сойылған ет түгелдей әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға үлестіріледі. Құрбандық шалу және тағы да басқа өзекті мәселелер бойынша «109» Call-орталығынан ақпарат алуға болады.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Руслан Алиев, Дмитрий Николаев.