Қызылордада әкелер күніне арналған форум өтті

Әкенің қоғамдағы рөлі мен бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі Қызылордада өткен облыстық форумда талқыланды, деп хабарлайды 24kz.

«Әке – отбасы тірегі» атты жиынға отбасы құндылықтарын насихаттау тұрғысынан үлгі болып жүрген әкелер қатысты. Сонымен қатар «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары, «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері де бас қосты. Олар әкелер институтын қалыптастыру, анаға құрмет көрсету, балаларды рухани-мәдени тәрбиелеу, білімге ынталандыру бағытында түрлі ұсынысты ортаға салды. Сындарлы сәтте ерлік көрсеткен, ел дамуына ерен еңбек сіңірген, байрақты бәсекеде жеңімпаз болған саңлақтардың жетістігі ерекшеленіп, өнегелі жолын үлгі етті.

Мақсұтбек Айтмағанбет, «Әкелер одағы» республикалық ҚБ төрағасы:

- Бүгінгі форумда талқыланатын мәселелердің бірі – әкелердің жауапкершілігі. Өйткені білесіздер, әкелер жауапкершілігі деген кезде біраз мәселелер бар. Мысалы алимент төлемеу мәселесі бар, жалғызбасты әкелер бар. Одан кейін бала тәрбиесінде әкелер қалай айналысу керек, көтеретін мәселелер көп. Енді соның үш-төртеуін көтеріп, оларды талқылап, өз ұсыныстарымызды береміз.