ШҚО-да жыл басынан бері 1700-ден астам зорлық-зомбылық фактісі тіркелген

Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері отбасыдағы зорлық-зомбылық бойынша 1700-ден астам құқықбұзушылық тіркелген, деп хабарлайды 24kz.

Әлеуметтік сала қызметкерлерінің айтуынша, жанжал салдарынан көпшілік жағдайда әйел адамдар мен балалар зардап шегіп жатыр. Өлкеде осындай шарасыз күйге түскен жандарға көмек көрсететін 5 әлеуметтік орталық жұмыс істейді. Ол жерде адамдарға психологиялық тұрғыда ғана емес, өз құқығын қорғау бойынша да кеңес беріледі

Марина Мисюрина дағдарыс орталығына осымен екінші рет бас сауғалап келіпті. Сұмдығы сол, екі жағдайда да туған ұлы мен келіні күн көрсетпеген. «Олар ұрып-соқпаса да, ауыр сөздермен жанымды жаралап, балағаттап, баратын жер қалдырмады», - дейді ол. Инсульт алып, аяқ қолы әрең қозғалатын әйел ақыры мемлекеттік мекемені паналауды жөн көрген.

Марина Мисюрина, қала тұрғыны:

- Әбден жер-жебіріме жетті, Әсіресе, келінімнен көп қорлық көрдім. Осы күйіме қарамастан қараңғы бөлмеге қалдырып кететін.Тамақ та бермейтін. Тіпті жататын төсегіме дейін сатып жіберді. Ақыры міне, осында келуге мәжбүр болдым.

21 жастағы Надежда Данилевичтің жағдайы басқаша. Ата-анасы жоқ. Арқа сүйеген азаматы жұдырық ала жүгіріп, ар-намысын таптауды әдетке айналдырған.

Надежда Данилевич, қала тұрғыны:

- Бас қосқанымызға 3 апта болмай жатып тепкінің астына алды. Тамақ істегенім де, үйдегі тірлігім де жақпады.Тіпті достарымен бірге ұрған кезі болды.

Әлеуметтік орталықтағы әр жанның тағдыры әрқилы. Мекеме мамандары ешқайсысын бөліп-жармай, тиісті көмек беруге тырысады. Дегенмен, зорлық-зомбылық көрсеткендерге жаза мен заңның күшеюін асыға күтіп жүр.

Салтанат Нұргазинова, дағдарыс орталығының қызметкері:

- Қазір жаза әкімшілік құқықбұзушылықтан қылмыстық жауапкершілікке ауысты. Бұның айырмашылығы жер мен көктей. Әкімшілік жазаға тарту арқылы тәртіпті қатаңдата алмаймыз. Ал қылмыстық жауапкершіліктің орны да, талабы да бөлек.

«Отбасындағы ұрыс-керіс, жанжалдан балалар аз жапа шекпейді», - дейді мамандар. Білім басқармасына қарасты өңірлік психологиялық қолдау орталығына жылына 1700 қоңырау түседі.

Лилия Куземко, ШҚО Білім басқармасы өңірлік психологиялық қолдау орталығы директорының м.а.:

- Балалар көбіне үнсіз қалады,ата-анасымен арадағы жанжалдың бәрін көреді, естиді, сезеді. Тек ішіне жинайды. Олар тіпті отбасындағы қиын жағдай туралы ешкімге тіс жарып айта алмайды. Өйткені басқа емес, туған ата анасынан қорқады.

Орталыққа аты-жөнін айтпай қоңырау соғып көмек сұрайтындар да болады. Сондықтан мұндағы әлеуметтік қызметкерлер бірде-бір хабарламаға бей-жай қарамайды.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов