Алакөл жағалауындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді
Алакөлдің жағалауындағы қоғамдық тәртіпті биыл полицейлермен қатар арнайы жасақ қызметкерлері де қадағалайды, деп хабарлайды 24kz.
Жетісу облысының Ақши, Көктұма ауылында шомылу маусымына дайындық жұмыстары жүргізіліп, қауіпсіздік шаралары күшейтіліп жатыр. Тынығушылардың терең жаққа жүзіп кетпеуі үшін айдын көлге арнайы қалқымалар қойылып, құтқарушылар кезекшілік атқаруға кірісті.
Алакөлдің жағалауында тынығушылар саны әзірге аздау. Соған қарамастан құтқарушылар күшейтілген кестеге сай жұмыс істеп жатыр. Себебі шипалы көлге шомылушылар күннен күнге көбейіп келеді.
Гүлшат Мұхтарбекқызы, Алакөл ауданының тұрғыны:
- Алакөлде 24 элементтік шипасы бар. Қандай ауруың болса да шипа. Тұзының өзі қандай?! Біз енді аяқ-қолымыз үшін жылда келеміз. Көл біткенше демаламыз. Бүгін міне, түсеміз ғой. Екі-үш күнге дейін жуынбаймыз. Терлетеді. Жатқанда сондай жақсы әсер береді.
Маусымның жиырмасынан кейін көл жағалауында ине шаншар орын болмайды. Тынығушылардың қауіпсіздігін қамтамассыз ету құтқарушылардың міндеті.
Шыңғыс Қалиден, тілші:
- Алакөл құтқару бөлімінде 15 адам еңбек етеді. Олар ұзындығы 15 шақырымдық жағажайдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Биыл айдынды көлге 1,5 млн-нан аса турист келеді деп жоспарланған.
Құтқарушылар моторлы төрт қайықпен күні бойы кезекшілік атқарады. Бірақ жағалауды толық бақылауға олардың мүмкіндігі жоқ. Сондықтан саладағылар Көктұма ауылынан арнайы бөлімше ашылып, адам саны көбейтілсе деп отыр.
Марат Смағұлов, Алакөл аудандық жедел-құтқару бөлімшесінің бастығы:
- 24 адам болса деп ойлаймыз. Онда демалушыларға да қауіпсіздігін сақтауға көмек берер едік. Сол жағы ақсап тұр. Алакөлден бөлек бес көлшік бар. Ол жақта көбіне балықшылар бар. Балықшыларға ескерту жұмыстарын жүргізеді. Ол жақта желде қалып қалған балықшылар болады. Ол жаққа да шығып жатамыз. Соған байланысты штат саны жетіспейді.
Игорь Жуков, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
- Көктұмада жедел-құтқару жасағын құру мәселесін жергілікті атқарушы органдармен қарастырып жатырмыз. Қаржы бөлінген жағдайда бөлімше ашылып, қызметкерлер саны артатын болады. Қауіпсіздікті күшейту мақсатында тағы бес адам Алакөлге жіберіледі. 11 метрлік қайық алынғалы жатыр.
Туристік аймақтағы қоғамдық тәртіпті полицейлер қадағалайды. Оған қоса арнайы жасақ жұмылдырылады. Биыл қызметкерлер саны екі есеге көбейтіліп отыр.
Мадияр Көбенов, Алакөл аудандық пб учаскелік инспекторы:
- Жетісу облысы ПД 20 адам бөлінді, аудандық ПБ 15 адам бөлінді. Оның ішінде патрульдік полиция қызметкерлері бар. Және де учаскелік инспекторлар бар. Облыстық патрульдік полиция патрулдік полиция инспекторлары болады. Оның ішінде арнайы жасақ – СОБР.
Шомылу маусымында жазатайым жағдайлар жиілеп, дәрігерлердің де жұмыс жүктемесі артады. Сондықтан Ақши ауылына ауданнан қосымша медицина қызметкерлерін тарту көзделген.
Асхат Бұтабаев, Алакөл аудандық ауруханасының директоры:
- Бүгіннен бастап кестені шығардық. Дәрігерлік амбулаторияға дәрігер, фельдшер, медсестра, шопырмен қоямыз. Бір аптадан істейді. Қосымша облыстық жедел жәрдем бригадасының фельдшері болады. Олар сыртқа шақыртуға барады.
Өткен жылы суға батқан 70-ке жуық адамды төтенше жағдай қызметкерлері жағаға шығарды. Биыл оларға жеке құтқарушылар көмектесіп, қайғылы жағдайды болдырмауға атсалысатын болады.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов