Астанадан Сеулге әуе рейсі қайта ашылды

Air Astana әуе компаниясы Астанадан Сеулге тікелей рейстерді қайта ашты, деп хабарлайды 24kz.

Оның жиілігі аптасына екі рет болады. Бүгін елорда әуежайынан алғашқы бағыт аттанды.

Еске сала кетсек, қос қала арасындағы бірінші авиақатынас 2015 жылы жүзеге асырылған. Бірақ коронавирус пандемиясына байланысты тоқтап қалды.

Ердәулет Шәмшиев, Air Astana компаниясының стратегиялық даму және Үкіметпен байланыс жөніндегі вице-президенті:

- Екі елдің астанасын қосып отыр. Әрине, мұның маңызы өте зор. Біздің ойымызша, бұл рейс Кореямен саяси жағынан, экономика жағынан, мәдениет жағынан қарым-қатынастың бұдан да әрі қарай дамуына ықпал етеді деген сенімдеміз. Әзірге аптасына 2 рет ашып отырмыз сенбі және сәрсенбі күні. Әрі қарай көреміз. Жолаушы саны көбейіп жатса рейстердің санын қосуға дайынбыз.

Нұрғали Арыстанов, Қазақстанның Кореядағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Өткен жылы Қазақстанға келген корей туристерінің саны 2 есе ұлғайды. 36 мыңға дейін жетті. Бізден Кореяға медициналық туризмге барған азаматтар 60%-ке өсті. Жақсы динамика болып жатыр. Осы бағыттағы қарым-қатынасты дамыта береміз деп ойлаймын.